Сот алдында жауап берген Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева өз кінәсін мойындады, деп хабарлайды Neonomad.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының № 2 сотында қаралды. Басылымның ақпаратынша, Суханбердиеваны сот залына айдауылдар жеткізген.
Белгілі болғандай, сот отырысы барысында бұрынғы вице-министр кінәсін мойындап, тергеу көрсеткен дәлелдерге қарсылық білдірмеген. Бұл туралы прокурор айтты.
«Суханбердиеваның айыбы өзінің мойындауымен, куәгерлер мен күдіктілердің түсініктемесімен және қылмыстық істің өзге де материалдары арқылы расталды. Күдікті өз айыбын толық мойындады», – деді прокурор сот отырысында.
Сотта мәлім болғандай, Суханбердиева қызметін асыра пайдаланды, кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысты деген екі бап бойынша айыпты деп танылды. Суханбердиева мен Шеверняева жалған ЖШС ашқан, әрине қожайындары өзі емес. Бірақ өздеріне қатысты, туған-туыстарының аты-жөні тіркелген ол арада. ЖШС-дағы екеуінің үлесі теңдей, яғни 50 проценттен. Екеуі осы ЖШС-ның шотына жекеменшік мектепке ғимарат сатып алу үшін деп 154 млн 522 мың 300 теңге аударған. 2019 жылдың мамырында әртүрлі мемлекеттік органдардан Шеверняеваның үстінен арыз келіп түскен. Соның ішінде жекеменшік мектепке де қатысты. Арыз Нұр-Сұлтан қаласындағы білім басқармасының қадағалаушы департаментіне жолданған. Бірақ 2019 жылдың мамыр айының соңында арызды Суханбердиева өз қадағалауына алып, құзіретін асыра пайдаланған.
Сот үкімі бойынша, ол енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Одан бөлек 2500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде оған айыппұл салынды.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 3 маусымында «Центральная» экономикалық мектебі директорының кабинетінен табылған 11 млн теңге мемлекет қазынасына тәркіленетін болды.
Еске сала кетсек, Білім және ғылым вице-министрі пара алғаны мен қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін тергеуге алынған болатын.