Атырау қалалық №2 сотында «жер шеруіне» қатысқаны үшін сотты болған Талғат Аянның мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралып, қанағаттандырылды, деп хабарлайды Neonomad.kz Ақ Жайық сайтына сілтеме жасап.
«Осыдан бір жыл бұрын олар менің бас бостандығымды шектеу жазасын шарттыға өзгертіп, оны 2021 жылға дейін созды. Бас бостандығыңның шектелуі не екенін түсінсін деген секілді. Былай қарап тұрсаңыз, бостандықтасыз, үйдесіз ғой, бірақ ешқайда бара алмайсыз, рұқсатсыз әрекет қыла алмайсыз, бос уақытыңыз да шектеледі. Әр апта сайын пробация органдарына барып, төбе көрсетіп тұруыңыз керек, кешкі уақытта ешқандай ескертусіз полиция қызметкерлері үйге сау ете түсе алады. Сондықтан қас қарая «Күлшеқыз» құсап үйіңізге тұра жүгіресің. Көңіл көтеретін кештерге бара алмайсыз, мысалы тойға баруға құқың жоқ. Басқа жерге, мысалы қазаға бару керек болса, онда да рұқсат алуың керек.
ЖСН-нің де бұғатталған, өйткені аты-жөніңіз лаңкестікті қаржыландырумен айналысатын адамдардың тізімінде тұр, бір сөзбен айтқанда бұл ешбір жұмыс орны жұмысқа алмайтын таңба», – деп жазды Талғат өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Талғат Аянның сөзінше, оның мерзімінен бұрын босату тұралы өтінішіне прокурор мен пробация қарсы болыпты. Бірақ қарсылыққа қарамастан оның өтінішін сот қанағаттандырған. Дегенмен, қоғамдық жұмыстарға тыйым салынған.
Еске сала кетсек, Талғат Аян жер шеруіне қатысамын деп үш жарым жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бірақ 28 сәуірде бас бостандығын шектеу мерзімі шарттыға ауыстырылып, Ақтөбедегі түзеу колониясынан босап шыққан болатын. Ал оның серігі Макс Боқаев болса бес жылға бас бостандығынан айырылып, қазір жазасын Ақтөбеде, орташа режимдегі КА-168/2 түрмесінде өтеп жатыр.