Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында шу шықты. Мұнда жергілікті билік ауыл мектебін 200 мың теңгеге сатып жіберген, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
195 мың теңгеге сатылып кеткен мектеп Қарқаралы ауданындағы Қаракөл ауылында орналасқан. Бұл жерде 400-дей адам мекен етеді. Тұрғындар сатылым туралы газеттегі хабарландырулардан білген. Аудан басшылығының бұл шешіміне қаракөлдіктер қарсы, енді келісімді бұзуға күш саламыз деп отыр.
«Келісім-шарты бұзу. Бұзып, бізге басшылар осыны қайтарып берсе ауылға. Басқа жоқ. Егер сол сол сатып алған адамға ақшасын қайтарып берсек, өйткені халық ақша жинап қойдық. 200, жарайды, жолына, әділ болуымыз керек, 300-400 мың ғып берсек, школды қайтарып берсе, ешкім ұтылмайды да», – Алмас Қанафин, ауыл тұрғыны.
Осындай ұсыныспен білім ошағының жаңа иесіне шыққан тұрғындар жаға ұстап отыр. Ол мектепті қайтарып алғыларың келсе, 2 млн теңге беріңдер депті. Сонымен қатар, тұрғындардың сөзінше, мектепті сатып алған адам оның орнына үй салатынын айтқан көрінеді.
«Қазір келеміз десе, ешкімге бермейміз бұл мектепті! Халық болып шығамыз. Ауылдың жастары да келеді. Мынаның артында бір материалдар болды, оны алып кетті. Білмейміз оның бәрін, мына жақтан батарейкаларды алып жатыр», Ерқанат Мұхтаров, ауыл тұрғыны.
Телеарнаның мәліметінше, мектеп екі жылдан бері жұмыс істемейді. Тәртіп бойынша бастауыш сыныптарда кем дегенде бес бала болуы керек екен. Жиналмай қалып, жабылды.
«Сатылып кеткеннен кейін уже жеке меншік. Ол өзі біледі. Бірақ мен оны келгенде айттым. Әй, сен мынаны бұзба дедім. Сен бұзбасаң, айналасындағы шарбағына біз тиіспейміз, алмаймыз. Ал егер сен бұзатын болсаң, біз онда шарбағын бәрін пристройка нелерін алып бермейміз деді. Ол бұзбаймын деді», – Берлібек Әбдікәрімов, Қаракөл ауылдық округінің әкімі.
Аудан әкімдігінің айтуынша, әуел баста мектепті 9 млн теңгеге қойылыпты. Бос тұрған ғимаратты ешкім алғысы келмеген. Құны екі есе төмендетіліп, тағы қойылды. Онда да болмады. Ақыры, ниет еткендердің өз бағасы электронды түрде сараланған екен. Енді жаңа жылдан кейін тіркеу шаралары қолға алынбақ.
«Бәрі электронды түрде өтті. Ол жерде сатып алушы өзі қояды бағасын. Жаңағы 195 мыңға сатып алды», – Жұлдыз Қыстаубаева, Қарқаралы аудандық мемлекеттік активтер мен сатып алу бөлімінің төрағасы.
Барлығынанда бүлдіршіндерге обал болды. Олар білім алу үшін 20 шақырым жердегі интернаты бар мектепке қатынауда. Бізге ағынан жарылған балақай көз жасын тыя алмай бар өкпесін айтып қалды.
«Сабаққа барған кезде біз көп күн қаламыз. Көп күн қалып, мұғалімдерден ұрыс естиміз. Біз сабаққа таксимен барып жүрміз. Әке-шешеме өте қиын ол», – Карнеля Девие, мектеп оқушысы.
Тұрғындардың шуынан соң аудандық білім бөлімінің басшысы балаларға арнап автобус бөлуге уәде берді.