Жалғызбасты ананың пәтер кезегінен шығып қалғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, азаматша О.-ның елорда тұрғыны ретінде тіркеуде болмауына байланысты тұрғын үй комиссиясының 2019 жылдың 4 ақпанындағы шешімімен ол коммуналдық қордан баспанаға мұқтаждар тізімінен шығарылған.
Алайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде арыз беруші жетім әрі жалғызбасты ана, сондай-ақ екінші топтағы мүгедек екенін дәлелдеген.
«Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң нормаларына сәйкес, аталған санатқа жататын адамдарды мұқтаждар тізімінен алып тастауға болмайды», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық сотынан.
Есіл аудандық соты әйелдің талаптарын толық қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.