Алматы қалалық полиция департаменті басшысының ұлының өлімі дәрігерлердің тергеуге алынуына себеп емес. Бұл туралы ішкі істер министрі пікір білдірді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттықа агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Біріншіден, ішкі істер министрлігі, Серік Күдебаевтың ұлы жұмыс істеген прокуратура, тергеу жүргізген жоқ. Тергеуді үшінші орган жүргізді, бұл Экономикалық тергеу қызметі. Министрлік, прокуратура тарапынан қысым көрсету болған емес. Осы орган өздігінен шешім шығарды, ал санкцияны сот береді», – деді Ерлан Тұрғымбаев. Оның айтуынша, Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы тергеу ісіне еш қатысы жоқ екен.
Неліктен дәрігерлердің ісін экономикалық тергеу қызметі тексеріп жатқанын министр Тұрғымбаев былай түсіндірді.
«Тергеу ісіне мүдделі қызметкерлер болса, басқа органдардың басшыларымен туыстық қарым-қатынас болса, үшінші құқық қорғау органына беру туралы шешім қабылданады. Мұнда үшінші орган – Экономикалық тергеу қызметі. Прокуратура осындай шешім қабылдады», – деді ол.
Еске сала кетейік, Германияда ота жасау кезінде Алматы полиция департаментінің басшысының ұлы Нұрсұлтан Күдебаевтың көз жұмғанын жаздық. Ол тамыздың басында квадроциклмен апатқа түскен.
Осы қайғылы оқиғадан соң 24 қыркүйекте Алматыда №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев екі айға қамауға алынғанын жаздық.
Ал 25 қыркүйекте бас дәрігер Қанат Тезекбаев Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Күдебаевтың ұлының өлімінен соң тергеуге алынғаны белгілі болды.