Алматы облысында перзентханадан шу шықты. Жаңа туған сәбиінен айырылып қалған Давыдовтар отбасы дәрігерлер баланы ауыстырып жіберген деп айыптауда, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға 8 мамырдан басталған. Мерзіміне екі апта жетпей босанған Артемнің дені сап-сау болған. Бірақ дәрігерлер баланы бірден алып кеткен. Ең күмән тудыратыны, дейді Давыдовтар отбасы, дәрігерлер әкеп берген жансыз баланың бетінде жара болған.
«Біздің балада ондай болған жоқ», – дейді жаңа босанған ана.
Бұған қоса, дейді 17 жастағы ана, сәбидің туылғаны туралы қағаздағы мәліметтерді дәрігерлердің өзгертіп жіберген болуы мүмкін.
«Сәбиді орап, алып кетті. «Екі сағаттан кейін әкелеміз» деген. Бірақ, сөзінде тұрмады. Кейін оның жан сақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды. Ол жердегі дәрігерге барғанымда: «Бәрі жақсы, баланы көп ұзамай анасына апарамыз» деді. Бірақ бес минутқа әкеліп, қайта алып кеткен. Екі күннен соң дәрігерлер Артемнің тыныс алу жүйесінде ақау бар екенін жеткізді», – Ульяна Давыдова.
Ал, үшінші күні ақ халаттылар шақалақтың шетінеп кеткенін жеткізген. Сөйтіп, қолына баланың сүйегін беріпті. «Оны үйге келіп ашқанымызда, шошып кеттік», – дейді Давыдовтар. Баланың беті жара басқан.
«Баланы ауыстырып жіберген деп ойлаймын. Қызым жап-жас, күйеуі жоқ. Оның үстіне, он екі мүшесі сау бала туды. Ал, басқа біреудің баласы ауру болып туылған. Сөйтіп екеуін ауыстырған», – Ульяна Давыдова.
Ашынған ананың сөзінше, дәрігерлер сәбидің туылғаны туралы бір жапырақ қағаздағы «мәліметтерді өзгерткен» дейді. Мәселен, баланың салмағы мен туылған күні сәйкес емес. Құжаттарда оның қан тобы да басқаша көрсетіліпті. Осының бәрі үлкен күмән тудырып отыр. Отбасы мүшелері құзырлы орындарға шағымданып, қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, оның нүктесі әлі қойылған жоқ. Жуырда баланың сүйегі қазып алынып, сот-медициналық сараптама жүргізілген. Тек терінің шіріп кеткенін алға тартқан мамандар баланың ДНҚ-сын анықтай алмапты. Ал қара жамылған отбасы бүкіл орган келісіп, «істі жылы күйінде жауып тастамақшы» дейді. Даудың ортасында қалған Есік қаласындағы перзентханадағылар «сүттен ақ, судан тазамыз» деп отыр.
«Біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Ештеңені түзеткен жоқпыз. Бала өкпе қабынуымен туылды. Сосын ол жан сақтау бөліміне ауыстырылды. Бірақ, емдом көмектеспеді. Ешкімді ауыстырған жоқпыз. Бұл барып тұрған жала ғой», – Гүлнәр Мамырбаева, перзентхана директорының орынбасары.
Ал бетіндегі қызыл жараның пайда болуына «лейкопластырь себеп» дейді. Яғни, бұл аллергия көрінеді. Көңіліне күдік ұялаған Давыдовтар шетінеген нәрестенің кімдікі екенін білгісі келеді. Сол үшін қазып алынған мәйітке қайта сот-медициналық сараптама жасалғанын қалайды. «Егер сәби өздерінікі болса, оның нақты неден көз жұмғанын анықтау керек», – дейді. Сөйтіп, бұл жағдайға кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруін талап етуге бел буып отыр.