Қандай адам өзіне сенімді болады? Кішкентай кезден есте қалған өкпе-ренішті қалай ұмытуға болады? «Қой!» дегенді ұқпайтын баланы қалай тәрбиелеу керек? Өз бағаңды көтеру жолдары қандай? Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі қандай? Осы және басқа да бала тәрбиесіне қатысты сұрақтарға Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова жауап айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz тілшісі.
– Өзімді қабылдай алмаймын. Мұндай жағдайда не істеу керек?
– Бала әкесі мен анасы өзін қабылдай алғанын сезінген кезде ғана өз-өзін қабылдай бастайды. Мұның бәрі балалық шақта қалыптасуы керек нәрсе. Қазіргі ересек кезіңізде өзіңізді қабылдай алмасаңыз – себебін балалық шағыңыздан, сәби кезіңізден іздеуіңіз керек. Абай атамыз айтпақшы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та – бар, қалан». Ең алдымен cіз «Өзіңді қабылдау алу» дегенді қалай түсінетініңізді біліп алуымыз керек. Одан кейін өзіңізді қабылдай алмай жүргеніңізді қашан ұққаныңызды анықтайық. Өзіңізді не үшін қабылдай алмай жүргеніңізді түсінесіз бе? Алдымен осы сұрақтардың жауабын іздеп көріңіз.
– Өзіңе деген сенімді қалай арттыруға болады?
– Сенімді адам деген кім? Сенімді адам деген – өзінің қолынан бәрі келетініне, ақылды, әдемі екеніне сенетін адам. Бұл сұрақтың да жауабын балалық шақтан іздейміз. Мысалы, 2 жасар қыз қолына әйнек стақан алса анасы мен әкесі «Қой, қой орнына! Тиме! Құлатып аласың! Сындырып аласың!» деп тыйып тастайды. Осындай кезде кішкентай қызда өзінің қолынан түк келмейтіні, стақан ұстаса сындырып алатыны туралы ой қалыптасады. 5-сынып оқитын қыз торт жасауға талпыныс жасаған кезде анасы «Жоқ, сен торт жасай алмайсың. Әлі кішкентайсың. Қазір ұнды, жұмыртқаны обалды қыласың» деп тыйып тастайды. Мұндай кезде қыз баланың өзіне деген, аспаз болуға деген сенімі жоғалады. Тағы бір мысал, сіз сазгер болғыңыз келсе ата-анаңыз «Қайдағы сазгер?! Біздің үрім-бұтағымызда сазгер болмаған! Қайдағы сазгерлік, қайдағы әнші-биші!» деп тыйып тастайды. Осындай жағдайдан кейін сіз өз қалауыңыздан бас тартып, арманыңызға сатқындық жасайсыз. Ал өз-өзіне сатқындық жасаған адам әрине өз-өзіне сенімсіз болады.
– Әлемге деген сенімді қалай қайтаруға болады?
– Біз үшін әлем деген – анамыздың құрсағы, анамыздың өзі. Жарық дүние ашқаннан кейін алғаш анаңызды көресіз, анаңыздың құшағында боласыз, анаңыздың жылы сөздерін естисіз. Анаңызбен қарым-қатынасыңыз – әлеммен қарым-қатынасыңыз. Анаңызбен қарым-қатынасыңыз жақсы болса – әлеммен де қарым-қатынасыңыз жақсы болады. Анасы сенім артқан баланың өмірде жолы болады. Әрине, оның да алданатын, сүрініп қалатын кездері болатын шығар, бірақ ата-анасы өзіне сенетінін біліп өскен бала қандай сынақ болса да қайта тұруды білетін болады. Өйткені ол ата-анасына, адамдарға, әлемге деген сенімін жоғалтпаған.
– «Қой!» дегенді ұқпайтын балалар болады. Мүмкін оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, шекараны аттамаудың не екенін үйрету үшін көтенінен «қағып алса» болатын шығар?
– Отбасы мүшелерінің баланы тәрбиелеуге қатысты ойы мен әрекеті әртүрлі болған кезде бала тілазар болып өседі. Сол себепті баланың анасы, әкесі, атасы, апасы бас біріктіріп, баланы қалай тәрбиелеу керектігі туралы ақылдасып, бір шешімге келуі керек. Ең қарапайым ереже – бала тәрбиесіне қатысты бір тоқтамға келу. Мысалы, екі жасар баланың қолына ыдыс ұстату керек пе, әлде керек емес пе? Бұл туралы отбасы мүшелері бір көзқараста болуы керек. Егер ақылдасып отырған кезде анасы «Мұндай жасында қолына ыдыс ұстатпаймыз» деп айтып үлгерсе, қалғандары оның шешімімен келісуі керек. Ал егер әкесі ыдыс ұстата беруге болатынын бірінші болып айтып қойса, анасы іштей қарсы болса да отағасының шешімімен келісуі керек. Яғни, баланың алдында ата-ананың сөзі бір жерден шығуы қажет. Бала ата-анасының ой, сөзі, талабы бірдей болатынын ұғуы керек. Ал атасы мен апасы келінінің шешімімен іштей келіспесе де, сыртқа сыр бермей жүргендері дұрыс. Тіпті шыдамай бара жатса, бес балмұздақ жеп алғаны үшін анасынан ұрыс естіп алған немересін құшақтап, ойнап, баланың көңілін басқа жаққа аударып жіберуі керек.
– Бала тәрбиесінде ата-ананың орны қандай?
– Үш жасқа дейін бала тәрбиесіне қатысты ана жауапты болады. Үш жастан кейін «билік» әкенің қолына өткені дұрыс. Өйткені ұл да, қыз да әкенің орны қандай екенін білуі керек. Үйде әкенің атқаны – заң болғаны жақсы. Данагөй әйел отағасы ақымақтау болса да балаларының көзінше әкелерін биік қоя біледі. Баласы тіл алмай қойса да «Қазір әкелерің келеді», «Әкелеріңнің айтқаны – заң» деп тыйып отыруы керек. Бала дастархан үстімен жүргісі келеді. Бала он балмұздақ жегісі келеді. Бала түнгі үшке дейін ұйқысы келмейді. Осындай кезде әке мен ананың сөзі бір жерден шықпаса, бала сол күйі шекараны білмей кетеді.
– Өзіңді өзгелермен салыстыруды қойып, өзіңді кемшілігіңмен қосып қабылдауды қалай үйренуге болады?
– Мінсіз адам болмайды, алдымен осыны түсініп алу керек. Мүмкін «оймақ ауыз, қыпшаң бел» емес шығарсыз, мүмкін өзіңізге бойыңыз немесе салмағыңыз ұнамайтын шығар. Өзіңіздің физикалық қалпыңызды қабылдаңыз, одан кейін тағы да балалық шаққа саяхат жасаймыз. Мүмкін ата-анаңыз сізді үнемі көршінің баласымен салыстырып, оның қандай керемет екенін айтқан шығар? Осындай жағдайдан кейін сізде өзгенің баласы сізден жақсырақ екені туралы ой қалыптасады. Уақыт өте келе өзіңізді өзгелерден төмен санай бастайсыз. Қазір де өзіңізді өзгемен салыстырып көріңіз, бірақ ол адамнан үш кемшілігіңізді емес, үш артықшылығыңызды айтыңыз. Өзіңізді өзгемен салыстыруға болады, тіпті салыстыру керек, бірақ ол салыстыру сіздің артықшылығыңызды көрсетіп, сіздің пайдаңызға шешілуі керек. Өзіңізді 5 балдық жүйемен бағалап көріңізші.
– Өзін 5 балдық жүйемен бағалаған кезде әр балл нені білдіреді?
– Өзіңді бағалау – диагностикалық жаттығу. Өзіңізге «0», «1», «2» деген баға қойсаңыз, суицидке жақын адамсыз деген сөз. Демек өзіңізге, өміріңізге көңіліңіз толмайды. Өкінішке қарай, өзіне мұндай баға қойған адам өзіне қол жұмсаған кездері болып қойған да шығар. Өзіне «3» деген баға қойғандар «Магистратурамды әлі бітірген жоқпын. Әлі үй алған жоқпын. Әлі тұрмысқа шыққан жоқпын» деп айтуы мүмкін. Яғни өзін өзінде жоқ нәрселермен бағалайды. Ал неге өзіңізді өзіңізде жоқ нәрсемен бағалайсыз? Олай салыстырсаңыз, әрине, өзіңізден артық бейбақ адам жоқтай болып көрінеді. Олай бағалайтындай өз-өзіңізге жаусыз ба? Өзіңізді өзіңізде бар нәрсемен бағалаңыз. Өзіңізге «4» деген баға қойсаңыз, «5» деген баға қою үшін не жетпейтінін, ол үшін не істеу керектігі туралы ойлаңыз. Өзіне «5» деген баға қоятындарға келетін болсақ, олар дипломы жоқ болса да, тұрмысқа шықпаған болса да, балалы болмаса да, үйі болмаса да, миллиондаған ақшасы болмаса да денінің сау болғаны үшін, ата-анасы аман болғаны үшін, жұмысы бар болғаны үшін, арманы бар болғаны үшін өзіне «5» деген баға қояды. Өйткені олар өзін өзінде бар нәрселермен салыстырады. Ондай адамдар қолында барына қанағат етіп, барымен базар болады. Өзіңізге қара түсті көзілдірікпен қарауды қойып, ашық түсті көзілдірік киіп көріңізші. Миллинерде бар үй сізде болмаса да, президентте бар билік сіздің қолыңызда болмаса да, өзіңді құрметтеуге лайықты қасиеттеріңіз бар емес пе? Сіз де қоғамның бір мүшесісіз ғой.
– Ештеңеге қызығушылық жоқ болып өсудің себебі неде?
– Мысалды, самал желмен тербетіліп тұрған ағаш жапырақтары қандай керемет. Әр жапырақтың өз орны бар және әрқайсысы өзінше бақытты: бірі күн жағында, енді бірі көлеңге жағында, тағы бірі жоғары, тағы бірі төменгі жағында тербеліп тұр. Әр жапыраққа өз күйі ұнайды. Сол сияқты әр адамның өмірге келудегі өз міндеті, өз орны, өз қызығушылығы бар. Өмір сүруге деген қызығушылықты өзіңізден басқа ешкім тауып бере алмайды. Бала кезіңізде ата-анаңыз сіздің қызығушылығыңызды қолдады ма? Мысалы, «Қабырғаға сурет салып тастайсың, диванды былғап тастайсың» деп қолыңыздағы бояуларды тартып алған кезі болды ма? Олардың бұлай етуі – сіздің қызығушылығыңызды өшіріп, қанатыңызды кесіп тастағанмен бірдей. Әлде ата-анаңыз қызығушылығыңызды қолдады ма? Әркімнің өз жауабы бар.
– Бала кездегі өкпе-реніштерді қалай ұмытып, жаңа өмір бастауға болады?
– Бала кездегі өкпе-реніштерді ұмыту мүмкін емес. Егер толық ұмытып қалсаңыз – не жынды, не амнезиясыз. Өкпе-реніштің бәрін ұмытпай, бірақ оның салдарын жою үшін жұмыс істеуіңіз мүмкін. Ол үшін психологпен, психоаналитикпен жұмыс істеу керек, тым болмағанда мамандар кеңесін интернеттен тыңдап, сауатты адам жазған кітаптарды оқу қажет. Бірақ ең нәтижелі көмек түрі – үшін психоаналтикке жүгіну. Психоаналитик жаныңыздың ең түбіне үңіліп, әр әрекетіңіздің себебін анықтап береді. Эмоциялық дәретіңізді шығарып алмасаңыз, ол өміріңізге кері жағынан әсер ете береді.
– Психологқа анам туралы жағымсыз ойларымды айтудан ұяламын. Мұндай жағдайда не істеу керек?
– Сіз психологқа анаңыз туралы айтқан кезде Қазақстанның қандайда бір жерінде тұрып жатқан объективті адам туралы емес, миыңыздағы анаңыз туралы айтасыз. Мысалы, анаңыздың бес баласы болса, олар маған анаңызды сипаттап берсе – бесеуі бес түрлі сипаттайды. Әр баланың анасы туралы ойы, образы әртүрлі болады. Яғни, сіз маманға анаңыз туралы субъективті оқиғаларды айтасыз. Ол оқиғалар әдетте өкпе-ренішпен байланысты болады. Өкпе-реніштердің бәрін сыртқа шығарып болғаннан кейін ғана анаңыздың жақсы жақтарын айта бастай аласыз. Қазіргі 20-35 жас аралығындағы адамдар – психологиялық тұрғыда сауатты адамдар. Олардың көбінде өз психологы, психоаналитигі бар, тым болмағанда сауатты жазылған кітаптар оқиды. Олардың балалары физиологиялық, биологиялық және психологиялық тұрғыда бақыттырақ болады. Қазіргі жиырма жастан асқан жастар қайта құру кезеңінде өмір сүрген адамдардың балалары. Олардың ата-анасы 1985 жылдан бастап 2000 жылға дейін қайта құру кезеңінде өмірге келгендер. Ол кездегі адамдар қиын, дағдарыс кезеңінде өмір сүрді. Ал олардың ата-анасы тіптен қиын кезеңде өмір сүрді. Кеңес Одағы ыдырап, тегін үй, тегін медициналық қызмет, тегін тамақтан айырылып қалған кезде өмір сүрді және сол кезде өз-өздерін жоғалтып, күйзеліске түсті. Олардың балалары да күйзелісте болды. Енді үшінші ұрпақта бәрі басқашалау болады.
– Атамыз да, әкеміз де өмірден ерте озды, енді оның балалары да өмірден ерте озуы мүмкін бе?
– Осылай ойлаған адам өзін ерте өмірден озуға итермелейтін болады. Шын мәнінде атаңыз, әкеңіз елуге толмай өмірден озса, сіз де өмірден елуге толмай озасыз дегенді білдірмейді. Егер генеткалық тұрғыда тұқым қуалайтын ауру болса, онда ерте жастан салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығыңызды күтіңіз. Кейбір әйел «Біздің отбасыдағы әйелдерді қарғап тастаған. Апам да, анам да, мен де тұрмысқа шыққан соң үш айдан кейін ажырасып кетеміз» дейді. Шын мәнінде ол әлдекімнің қарғысы емес, ол қарғыс өз миыңыздағы «қарғыс». Сонда сіздің санаңыз қайда қалды? Оны неге іске қоспайсыз?
– 12 жастағы қызым қырсық мінезді. Оны қалай өзгертуге болады?
– 1,5-4 жас аралығында қыздың қырсықтығы тәуелсіз болғысы келетіндігінің белгісі шығар. Олай болса қуануға болады, себебі ол не қалайтынын біліп тұр. Мысалы, қызыңызға сары көйлек киюі керектігін айтсаңыз, ол көк көйлек кигісі келетінін айтады. Ондай кезде қалаған көйлегін киюге рұқсат етіңіз. Көк көйлекті киюді қалаған қызыңыз көк көйлекті кисе – ертең өзіне сенімді қыз болып өседі. Не қалайтынын нақты білетін қыз ертең қоғамнан өз орнын табады. Қырсық сөзінің «шыдамды», «мақсатына ұмтылғыш», «тәуелсіз», «өз бетінше шешім қабылдай алатын адам» деген сияқты да синонимдері бар. Бала жасөспірім кезінде әкесі мен анасынан бөлініп, жеке тұлға бола бастауы керек. Сондықтан қызыңызбен көбірек сөйлесіңіз. Оған қателік жасауға рұқсат етіңіз және қателігінен сабақ алуды үйретіңіз. Қай үйірмеге барғысы келеді – сол үйірмеге жіберіңіз. Егер оның айтқанымен келіспей, қол көтеретін болсаңыз – бірнеше жылдан кейін өзін ұратын адамға тұрмысқа шығады. Ол бейсаналы түрде «Әкем мені ұру арқылы жақсы көреді, күйеуім де мені ұру арқылы жақсы көреді» деп ойлайтын болады.