Алматыда балабақша тамағынан құрт шықты. Бұл туралы сол жерде жұмыс істейтін тәрбиеші мәлімдеді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттік Sn.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Алматы қаласы №130 балабақшасында орын алған. Тамақтан ауырған «Жұлдызша» ересек балалар тобының тәрбиешісі Жанерке Абдулхамитқызы бар шындықты айтып берді.
«Біздегі компот, күріш, ұн өнімінен жасалған барлық тамақта майда-майда құрттар өріп жүр. Бұрындары мән бермеуші едім. Бірақ, құртты жеп отырған тамағымнан 2-3 рет алып шыққаннан кейін көзім жетті. Түскі аста сорпа беріп еді. Соны ішіп, 2 күн бойы аурудан көз ашпадым», – дейді ол.
Тәрбиешінің айтқандары шындыққа жанасса, онда сол жерге барып жүрген кішкентайлардың жағдайы қиын.
«Тамақтан құрт шыққанын неге кешіктіріп хабарладыңыз?» – деген журналист сұрағына: «Жұмыстан 20 күннен кейін шығатын едім, тыныш кетуді ойладым», – деп жауап берді.
Алайда, №130 балабақшасының меңгерушісі ақпаратты 100% теріске шығарып отыр. Меңгеруші Гүлмира Қабдрахманованың айтуынша, тамақтардың сапалы болғаны соншалық, күнде ата-аналар келіп, алғысын айтып кетеді екен.
Қалай болған күнде де, санитариялық-эпидемиологиялық орталығы №130 балабақшасын қатаң тексеруден өткізуі керек. Әйтпесе, балалардың денсаулығына үлкен нұқсан келгелі тұр, деп жазады басылым.