Хэнань, Ганьсу, Ішкі Моңғолия және Нинся Хуэй автономды ауданындағы діни ғимараттар қиратылған. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайттың хабарынша, «Қытайдың кішкентай Меккесі» аталатын Линься қаласының жанындағы ауылдағы мешіттің күмбездері мен мұнаралары жарылды.
Хуэй халқы тұратын бұл мекенде Қытайдың ең ірі мұсылмандары қоныс тепкен. Журналистердің жазуынша, Юньнаньдегі үш мешіт жабылған, сонымен қатар бүкіл ел бойынша араб жазуын қолдануға тыйым салынған.
РИА Новости сайтының хабарлауынша, 22 қыркүйекте АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео әлемнің барлық елдерін этникалық ұйғырларды қудалау науқанына байланысты Қытайға қарсы тұруға шақырды.
«Ал терроризм мәселесіне келетін болсақ, мен Қытайдың Шыңжаңда жүргізіп отырған репрессиясының оған қатысы жоқ екенін айтқым келеді. Қытайдың өз азаматтарын елден қуып жібергісі келеді… Біз барлық елдерді ұйғырларды өз жерінен қуып отырған Қытайдың әрекетіне қарсы тұруға шақырамыз», – деді Помпео журналистерге.
Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстан сыртқы істер министрлерімен кездескен АҚШ мемлекеттік хатшысы аталмыш проблеманы БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында көтеріп, оны Қытаймен талқылайды деп болжануда.
Еске сала кетсек, Би-Би-Си агенттігі жүргізген журналистік зерттеуде, қазақтер ман ұйғырларға арналған «білім ордалары» негізінде түзету орталықтары болып шықты. Ол туралы біз мына материалда жаздық. Қытай билігі мұндай лагерьлердің бар екенін мойындамай, жоққа шығарып келген болатын. Ал Пекин болса – лагерь емес, діни экстремизмге қарсы күрес орталығы дейді. Қытай билігінің пікірінше, бұл адамдар сотталғандар емес, өз еркімен келген тәрбие, білім алушылар. Осы жерде қытай тілін үйреніп, дінге деген көзқарастарын «түзейді». Яғни, сотталушылардың тілі мен дінін қытайландыру саясаты жүргізілуде.
Қытай билігі мұсылмандарға көрсеткен қорлықтарын жоққа шығарғанымен, сол жақтағы «қайта тәрбиелеу мекемелерінде» болып келген қандастарымыздың сұқбаттарын жариялаған болатынбыз. Солардың бірі Гүлзира Әуелханқызы. Кейіпкеріміз 2017 жылдың 16 шілдесінде ықтиярхатпен Қытайға өткен. Сөйтіп қазақ, моңғол, өзбек тағы да басқа мұсылмандарды тәрбиелейтін лагерьге түсіп қалыпты. Лагерьде болған 15 айдың ішінде туыстармен көрісуге әрең рұқсат берілген, онда да қолына кісен салынып, қытайша тіл үйренуге мәжбүр болғанын айтады.
«Әрі-бері қозғалатын болсақ, сақшылардың рұқсатымен ғана жүреміз. Қолымызға кісен салып тұрғызып қояды. Одан кейін дәретханаға тек екі минут көлемінде отырғызады. Ал ол жерде 50 әйел кезекте тұрады. Екі минуттан артық отырып қойсақ, басымыздан көк таяқпен ұрады. Жатақта шелекке дәретке отырамыз. Тоқпен ұрып талдырған кездер де болды. Аяғы жоқ кемпірлер мен сөйлей алмай қалған мақау қыздар да бар. Олардың арасында жынды болып кеткендері қаншама?!» – деп күрсінді әйел.
Жуырда BBC агенттігі Синьцзян билігі мұсылмандардың балаларын зорлап тартып алып, жабық мемлекеттік мектептерге жіберетінін анықтады. Әрине, Қытай билігі ақпаратты растамағанымен, журналистердің естігендері мен көргендері проблеманың барын көрсетті.