Азық-түлік бағаларының өсуі Нұр-Сұлтан, Жезқазған мен Талдықорған қалаларында байқалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасы неліктен өскенін түсіндірді.
«Біз барлық жерде пияз, сәбіз, картоп, күріш, ұн бағасының елеулі өскенін байқап отырмыз. Бағаның өсуіне – өндірістің реттелмеуі, тиімсіз делдалдың тым көптігі, азық-түлікті сақтау шартының орындалмауы және тұтынушыға дейін кепілдендірілген жеткізу арналарының жоқтығы себеп», – деді Сұлтанов үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше, бағаға ЕАЭО-ға мүше елдердегі жағдай, сонымен қатар, Ресейде бағаның өсуі бізге теріс әсерін тигізеді.
«Ресей мен Қазақстан бағалары арасында айқын оң корреляция көрінеді. Ресейде бағаның өсуіне байланысты біздің бағаларымыз да, экспорт көлемі де өсуде», – деді ведомство басшысы.
Сұлтановтың айтуынша, дизель отыны бағасының өсуі де азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына себеп болған.