Алматы облысының тұрғыны әкім орынбасары соққыға жықты деп шағымдануда. Оның сөзінше, шенеуінік әкімдік ғимараты маңында оны ұрып, жағын сындырған. Ал әкімдіктегілер болса мұндай оқиғаның болмағанын айтады, деп хабарлайды Neonomad.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Ол (әкім орынбасары) мына есіктен шықтыда, айғайлап мені балағаттай бастады. Мен оның жанына жақындап: «Доғарыңыз, айғайламаңыз» дедім. Сол кезде ол мені ұра бастады. Мен қашып құтылғым келген, бірақ мүмкіндік болмады. Есеңгіреп, құлап қалдым. Ол аяғымен тепкіледі, қолымен де ұрды. 15 рет соққының астына алған болар. Мына жердің барлығы қан болды. Соққының қатты болғаны соншалық, есімді білмеймін. Сосын інілерім келіп мені ажыратып алып кетті», – дейді шағымданушы Дәурен Баекеев.
Оқиғаны көрген бірнеше адам бар. Олардың сөзінше, болған жағдайдан соң атқамінер жұмыс орнына қайта оралған. Ал жәбірленушіні үйіне алып кеткен. Бірақ бірнеше күннен соң ауыр халде ауырханаға жеткізілген. Жабық ми жарақатынан бөлек, тістері үгітіліп, жақ сүйегі сынған.
Дәурен Баекеевтің әпкесінің мәлімдеуінше, полициядағы шағымды алып кетіңдер деп ақша ұсыныпты.
Ал шенеуніктің өзі болса «жала жабылып отыр, ешкімге тырнағымды тигізген жоқпын» дейді. Сол күні төбелесті жәбірленушінің өзі бастаған, деушілер бар. Оны бірнеше адам болып тыныштандыра алмаған.
«Олар сол күні саябақта төбелесті. Ол жалғыз болған жоқ. Сол жердегі әйелдерді ренжітті. Куәгерлер бар. Қолында пышағы бар бері қарай қашып мына жерге кірген. Маманды бір қойған. Ажыраттық. Бұл жігітті ешкім ұрған жоқ. Дәретханаға келген жоқ. Факт сол біздің маманды ұрып отыр. Таза киіммен болғасын итердік. Ашуынды бас дедік. Қызу адам болғасын өте ашулы жүрді», – дейді Көктал ауылдық округінің әкім орынбасары Батырбек Қадырбаев.
Әкім орынбасары уақытша жұмысын жалғастырып жатыр. Облыстық әкімдіктің ақпаратынша, аталған факті бойынша арнайы тергеу жүргізілуде. Бірнеше аптаның ішінде тергеу жұмыстары аяқталады. Сосын іс сотқа жіберіліп, сол жақта айыпты анықталатын болады.