Алматыдағы Азаматтық авиация академиясының лицензиясы тоқтатылды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Білім және ғылым министрлігінің ақпаратынша, жоғары оқу орнында жоспардан тыс тексеріс болған. Сонда академияның жұмысында заң бұзушылықтар анықталды.
Академияда оқытушылардың сандық құрамына, ғалымдар үлесіне, ғылыми жетекшілерге қойылатын лицензиялау талаптары сақталмаған. Сондай-ақ, студенттермен кәсіби тәжірибе келісімшарттары жасалмаған.
«Академияға қатысты екі әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, әкімшілік істердің санкциялары білім беру қызметімен айналысу лицензиясының күшін 2 айға тоқтата отырып, 175 АЕК мөлшерінде (441 875 теңге) әкімшілік айыппұл салуды қарастырады», – делінген хабарламада.
Қаулы 28 тамыздан бастап күшіне енеді.
Заң бұзушылықтарға жауапты 7 лауазымды тұлға мен қызметкерге сөгіс және ескерту жарияланды. Бұған қоса, «Азаматтық авиация академиясы» АҚ директорлар кеңесі академия басшылығын ауыстыру туралы шешім қабылдап, жаңа ректор тағайындады.
Ал академияның өзі болса заң бұзушылықтарды жою процессі жүріп жатқанын және жаңа оқу жылына дайые екендігін хабарлады.