Есболат Беделхан Қазақстанның атын шығарып жүрген Димаш Құдайбергенді сынап тастады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
«Орда» тобының мүшесі, отандық продюсер Есболат Беделхан әлемдік деңгейде танымал болған Димаш Құдайбергенге қатысты пікірін Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
Есболат Беделханның ойынше, Димаш Құдайберген шетелде өткізген ән кештерінде домбыра шертіп, ұлттық киім киетіні бекер іс.
«Димаш басқа елдегі концерттерде бекер домбыра шертеді» , – деп жазды Есболат Беделхан.
Беделханның пікірі желіде қызу талқыланып, тіпті автордың өзі «комментаторларға» жауап беріп отырды.
«Оюлы шапан кимесе де жақсы болар еді» , – деп тағы бір ойын ортаға тастады продюсер.
Оның ойымен келіспеген желі қолданушылары Есболатты көреалмаушылық танытып отыр деді.
«Неге бекер? Жақсы емес пе», «Толықтай құқысы бар», «Ол халық мақтанышы, сіздің бұл ойыңызды қалай түсінуге болады?» , «Қызғаныш деген аурумен сырқаттанып қалғансыз ба?» , «Жақсы ғой, қайта қуанбайсыз ба? Қазақылықты нақыштап жүргеніне» , «Сонда құлағына сырға тағып алып, жынды адам сияқты секіріп билеуі керек па еді?» , – деп жазуда көпшілік.
Қарапайым желі қолданушыларынан басқа пікірталасқа өнер жұлдыздары да атсалысып, Димаштың жағын алды.
«Неге Ескатай? Маған керісінше, домбырамен орындаған күй қатты ұнады. Қазақи рухым жігерлене түсті» , – деп жазды отандық танымал продюсер Алуа Қонарова.
Кейін автордың өзі пікірін былай түсіндірді.
«Не айтқым келгенімді түсіндіре кетейін. Анығырақ, бұл мәселеге қатысты бір ойым: Домбыра мен оюлар оның халқы жөнінде. Бұл дегеніміз ол өз халқына үлкен жақсылық жасап жатқанын білдіреді. Яғни, қазақстандықтар, әсіресе, қазақтар қатты қуанып, үлкен мақтанышты сезінеді. Ал, әлемдегі жанкүйерлер оны дәстүрлері үшін емес, өнері үшін жақсы көргісі келеді. Не үшін ол өзіне тағы бір міндетті алып отыр? Айтпағым, оған тек өнерімен тәнті етіп жүре берген дұрыс деп есептеймін» , – деді ол.
«Арзан хайп жасағысы келеді» деген желі оқырмандарына продюсер былай жауап берді.
«Пікірлер өте көп. Жақсы хайп жинаппын» , – деп жазды кіші Беделхан.
Еске сала кетейік, жуырда ғана Ерболат пен Есболаттың ата-анасы жол апатында қайтыс болды.