Ақтөбе облысында құнды Алтын адам табылды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қазақстандық ғалымдар жақсы жаңалық ашты. Ақтөбе облысында табылған Алтын адам бұған дейінгі табылғандарынан ең құндысы осы жәдігер болып шықты.
Ғалымдардың сөзінше, Алтын адамның бас киімінен бастап сауыт-саймандарымен қоса, қасына жерлеген атының да әбзелдері таза алтыннан құйылған.
«Есіктен табылған Алтын адамның кейбір заттары таза алтын емес. Фольга. Тасқопада табылғанның қызықтысы – бас киім. Бас киім темір пластинадан жасалған. Үстіне алтын жалатылған», – Дархан Байтілеу, Ә.Марғұлан атындағы архиеологиялық институтының жетккші ғылыми қызметкері.
Алтын адам Ақтөбе облысындағы Темір ауданы Тасқопа ауылы маңынан табылды. Ол біздің заманымызға дейінгі 5-4-ші ғасырларға – Сармат дәуіріне жатады.
Ғалымдардың сөзінше, бұл жерге сол кездің патша, көсемі жерленген. Сауыт-сайманы, басынан аяғына дейін бар киімі алтынан құйылған. Қасына жерленген атының әбзелдері де таза былғарыдан жасалып, алтынмен безендірілген.
Қазір алтын адамды сол жердің топырағымен қоса қазып алып, мұражайдың қоймасына сақтап қойыпты. Енді оны жан-жақты зерттейді. Ол үшін археологиялық институт зертханасын Ақтөбеге көшіріп әкелуі де мүмкін.
«Оның бәрін жермен бірге қазып алдық. Монолит деп айтады. Соның бәрін енді реставрациялап, қалпына келтіреміз. Өз зертханамыз бар. Бірақ оған маман керек – реставратор. Қазір оны қарап отырмыз. Мүмкін осында, Ақтөбеде жасаймыз», – Талғат Мамиров, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт Нұр-Сұлтан филиалының директоры.