Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің сөзінше, елдегі апатты лифтерді жөндеу үшін 40 млрд теңге қажет, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаевтың мәліметінше, елімізде 23 476 лифт бар. Соның 22 998-і – жолаушыларға арналған. 4 400 лифт ауыстыруды қажет етсе, тағы 1 600-ін күрделі жөндеуден өткізу қажет.
«Бұл жұмыстардың құны шамамен 40 миллиард теңге», – деді ол.
Министрдің міндетін атқарушы Өскенбаевтың сөзінше, лифтерді ауыстыруда елорданың тәжірибесі негізге алынған.
«Қазір біз лифтерді ауыстыру схемасын дайындап қойдық. Жол картасы түрінде әкімдіктерге ұсынамыз. Олар жыл сайын адам өміріне қауіп төндіретін лифтерді жөндеуі керек», – деді Өскенбаев.
Индустрия министрлігі лифт жұмысын реттейтін ережелер мен нормативтерді бірыңғай құжатқа жинақтаған. Онда лифтерді әкелу, оларды пайдалану мен кәдеге жарату қағидалары айқын жазылған.