Еліміздегі шенеуніктердің саны Жапониядан 80 есе көп. 128 млн халқы бар күншығыс елінде нәбәрі 9 мың, біздің елде 18 млн тұрғынның басына 100 мың атқамінерден келеді екен. Бұл бюджетке орасан зор салмақ, соншама шенеунікті ұстау үшін жыл сайын миллиардтаған қаражат артық шығындалып жүрміз, дейді сарапшылар. Ал енді бір мамандар экономиканың дамуын жеделдету үшін шенеуніктер қатарын қысқарту керек деу де қателік деген пікірде, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Кешкі сағат алтыда елордадағы министрліктер үйінің маңайы жұмыстарынан қайтқан адамдарға толады. Көбісі – костьюм киген шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер. Сол жағалаудағы бұл көріністі көрген адам біруақыт бас қалада тек шенділер қызмет етеме деген ойға қалары сөзсіз. Оған себеп те жоқ емес. Барлық 17 министрлік осында. Одан қалды елорда мемлекеттік қызметкерлер саны бойынша көш бастап тұр екен, яғни 14 мыңнан асады.
Мемлекеттік қызметкерлер туралы айтқанда олардың қызметтік сапасы жайында да жиі сөз болып жатады. Жалпы 18 миллион халқы бар біздің елде 100 мыңға жуық шенеунік бар. Кей депутаттың сөзінше, бұл статистика алақайлап бөрікті аспанға ататын жағдай емес.
«Біздің елде шенеуніктердің саны Жапониямен салыстырғанда 80 есе көп. Бұл не деген сұмдық?! Экономикалық нәтижелер баршамызға мәлім. Жапония мен біздің жағдайымызды салыстырсаңыз», – дейді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Шенеуніктер санының тым көптігінен көзге ұрып тұрған әлеуметтік, экономикалық даму тежеліп отыр, дейді сарапшылар. Олардың сөзінше, кейбір бастық бір қағазға қол қойып, мөрін басқанша кем дегенде 10 күн өтеді. Ал пысықай адамдар ондайларды тез шешу үшін пара тықпалайды. Сөйтіп сыбайлас жемқорлыққа бастайтын қылмыстық істердің өзі шенеуніктердің көптігінен еріксіз туатын процесс болып отыр.
«Бұған азаматтық қоғам кінәлі, біріншіден. Екіншіден мемлекеттік қызмет туралы агенттік кінәлі. Тікелей кінәлі! Олар жемқорлықты жазалаумен ғана айналысып келеді. Совет үкіметінен кеттік тағы америкалық үлгіні алдық. Нәтижесінде мінеки әкімдердің де санасын улап алдық. Олар да ойлайды «Мен бір сұмдық сондай бір жоғары дәрежедегі сұмдық көрсете алатын күшті болуым керек! Мықты болуым керек!» деп. Ал оны қалай істей алады? Қолында тұрғаны тек парақорлық», – дейді саясаттанушы Ғазизат Имакова.
Шенеуніктер корпусын ұстау үшін біздің елдің бюджетінен жыл сайын 600 миллиардтан артық қаражат бөлінеді екен. Бұл осы жылғы статистика. Ал мемлекеттік қызметкердің жұмыс сапасы, шенеуніктердің біліктілігінің сын көтермейтіні туралы талай жерде айтылып жүр. Осының орнын толтыру үшін президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында жас мамандарды оқытып жатыр.
«Азаматтар мен мемлекеттік орын арасындағы қарым-қатынас тікелей болуы тиіс. Олардың арасында ешқандай кедергілер болмауы тиіс. Әрбір азамат өз ойын толық айта алуы керек. Онымен әрбір мемлекеттік қызметкер санаса білуі керек. Қажеттілігін есепке алып отырған жөн. Сондықтан бүгінгі таңда осындай мемлекеттік қызметшілерді біздің академияда дайындап жатыр»», – дейді ҚР президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Еркін Шажаұлы.
Тура бір жыл бұрын сол кездегі мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жалпы Қазақстан бойынша 4500 мемлекеттік қызметкерді қысқартылатынын айтқан еді. Бұл бір жылда бюджеттің 5,5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Бірақ бүгінде оның қаншасы қысқарды, қаншасы әлі жұмыс істеп жүргенін құзырлы органдардан ести алмадық.
Сурет: Екатерина Штукина