Агроөнеркәсіптік кешендерді реттеу мәселесі бойынша шетелдіктерге жер беруге тыйым салынатын заң қабылданды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Сенат депутаттары шекаралық аймақтарда шетелдіктерге жер беруге тыйым салынатын агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша заң қабылдады. Бұл заң азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға қолданылады.
Аграрлық мәселелер мен табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев құжат агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға және 2021 жылға дейін АӨК дамыту бағдарламасының негізгі ережелерін қамтамасыз етуге бағытталғанын түсіндірді.
Жоба нормалары ерекше қорғалатын аумақтардың жерін қосалқы жерге ауыстыру жағдайларын шектеуді да қамтиды.
Су шаруашылығы саласындағы жаңашылдықтар:
Су ресурстары саласында көпфункционалды зерттеу жүргізу бөлігінде уәкілетті орган, ведомство және бассейндік инспекциялар құзыретінің нақтылаушы нормалары енгізілді. Сондай-ақ, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын олардың техникалық жай-күйін бағалау мақсатында пайдалану ережелері белгіленген.
Ішуге арналған жер асты суларын пайдалануға рұқсат беру шарттары нақтыланды. Сондай-ақ су объектілері мен су қорғау аймақтарында кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру, жобалау, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру шарттарын айқындайды.
Орман шаруашылығы саласында заң жобасымен регламенттеу бойынша нормалар енгізілді:
- орман ресурстарын қорғау, пайдалану саласындағы тексерулерді жүзеге асыру тәртібі;
- мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша жедел ден қою шаралары;
- орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру жағдайларын нақтылау;
- уран өндіру үшін орман қоры жерлерін пайдалану ерекшеліктері;
- мемлекеттік орман қоры аумағында құрылыс процесіне қойылатын талаптарды белгілеу.
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі саласындағы браконьерлік мәселелері бойынша әкімшілік және қылмыстық заңнама нормалары қатаңдатылды. Сондай-ақ, АӨК саласындағы сақтандыру жүйесін жаңғырту және сақтандыру процесін автоматтандыру бойынша нормалар енгізілді.
Ветеринария, карантиндік, фитосанитарлық бақылау саласындағы бақылау жүйесін жетілдіру бойынша түзетулер қарастырылды. Бұдан басқа, ветеринария саласындағы бақылау-қадағалау функциялары әкімдіктерден уәкілетті органның ведомствосына берілді.
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.