Елімізде әкімшілік жауаптылық кодексіне бірқатар ережелер енгізіледі. Енді кешкі 8-ден таңғы -ға дейін шулауға тыйым салынуы қарастырылған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
«Тыныштықты бұзу туралы 437-бап қайта қаралды. Қазіргі 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейінгі уақытты 20.00-ден таңғы 09.00-ге дейін өзгерту ұсынылып отыр», – делінген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы жайлы баяндамасында.
Сондай-ақ, заң жобасында тұрғын үй ғимараттарында және тұрғын үй құрылысы аумағында орналасқан ойын-сауық мекемелеріне жұмыс күндері кешкі 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері кешкі 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін тыныштықты бұзуға тыйым салу көзделген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабына сәйкес, тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – 5 АЕК (12 625 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (25 250 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК (37 875 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК (126 250 теңге) айыппұл салынады.
Егер әкiмшiлiк жазадан кейiн, заң бұзушылық бiр жыл iшiнде тағы қайталанса, онда айыппұл сомасы екі еселенеді.