Қазақстанда ажырасушылардың саны көбейген. Статистикаға сенсек, күніне 150 отбасының шаңырағы шайқалады, деп хабардайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бұл дегеніміз, сағатына жеті жұп ажырасып жатыр. Өкініштісі сол, олардың саны жыл артып көбеюде.
Соңғы бес жылдың ішінде отбасын құрғандардың саны 15 пайызға төмендеген. Бұл туралы статистика комитеті мәлімдеді.
Сөйтіп былтыр 137 797 жұп қана отау құрыпты. Ал некесін бұзғандардың қатары 3 пайызға артып, өткен жылы бұл көрсеткіш 54 797-ні құрапты. Яғни отасқандардың тең жартысына жуығы ажырасып кеткен екен.
«Ажырасқандардың орташа жасы ер адамдарда 38,5, ал әйел адамдарда 34,3. Осы қаңтар-қыркүйек айындағы ағымдағы жылдың 1000 адамға шаққанда Павлодар облысында 4,2, Нұр-Сұлтан қаласы 4,1, Ақмола облысы 3,9, Алматы қаласы 3,8», – дейді Экономика министрлігі статистика комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Маханбетова.
Ерте үйленіп, есейгенде тіл табыса алмаған жұптардың 1000-ға жуығы ажырасыпты.
«Әрине баспана мәселесі. Әрине жұмыс мәселесі көтеріледі. Әрине бала мәселесі көтеріледі. Баланы балабақшаға беру. Бұл өте кешенді мәселе. Оны жүйелі кешенді түрде шешу керек деп ойлаймын. Сондықтан мемлекеттің барлық мекемелері жергілікті атқарушы органдар да сөзбен емес, іспен осыған үлесін тигізу керек», – дейді парламент мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев.
Алайда психологтар шененуіктердің пікірімен келіспейді. Олардың сөзінше, ажырасуға бел буған жұптың шешіміне ешқандай мемлекеттік бағдарлама әсер етейді дегенді айтуда.
«Ажырасу бұл жерде психологиялық проблема. Оған ешқандай бағдарлама да, ешқандай заң да көмектеспей қалуы мүмкін. Өйткені, ол адамның қалауы. Ал адамның қалауына не әсер етті? Оның ажырасуға не себеп болды? Соны анықтап, сонда ғана жұмыс істесек, онда ажырасу азаяды», – дейді психолог Жанагүл Тұрманова.
Қоғам белсендісі Камал Альпеисова мәселенің түп-төркіні ата-ананың балаға берген тәрбиесінде жатыр дейді.
«Қыз баланы ойбай, осы менің ханшайымым деп өсірмеу керек. Қыз баланы сен болашақ анасың, сен үйдің шаруасын шыр көбелек айналдырып отыратын, бір үйдің ұйытқысысын деп үйрету керек. Мен мынау тойларда шешелерінің құдағи енді өзіңіз тәрбиелеп аласыз деген сөздеріне қарным ашады. Жоқ, ол шешесі тәрбиелеу керек оны. Сол сияқты ұлды да сен болашақ күйеусің, сен болашақ әкесің, сен асыраушысың деп үйрету керек», – дейді ол.
Ресми дерекке сенсек, елімізде күніне 370 жұп шаңырақ көтеріп, оның 150-і ажырасады.