Павлодарда вирус жұқтырған 57 жастағы науқас қайтыс болды. Елде барлығы 31 адам инфекциядан көз жұмды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Павлодар облысында коронавирус жұқтырған 57 жастағы ер адам қайтыс болды. Бұл туралы 8 мамырда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрліктің дерегінше, науқас 6 мамыр кешкі тоғызға таман көз жұмған. Марқұм бұған дейін бронхит, қан диабетімен ауырған. 26 сәуірде жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ведомство 2 мамырда науқастың жағдайы күрт нашарлап кеткенін айтады.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 8 мамыр 12.30-дағы мәліметі бойынша, елде тағы 63 адамнан коронавирус табылды. Олардың 45-і Нұр-Сұлтан қаласында. Атырау облысында жеті, Қарағанды облысында алты, Шымкент қаласында екі, Алматы қаласында, Алматы облысында, Жамбыл облысында бір-бір адамға вирус жұққан.
Осылайша, елде 4753 адамнан (жұмада 175 адам қосылды) коронавирус анықталды. 1518 адам дерттен айықты. 31 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наурыздан бері елді 370 мыңнан астам тест алынған. Билік мамырдың соңына таман күніне 25 мың анализ алуды жоспарлайды.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 11 мамырға дейін төтенше жағдай және карантин жарияланған.