Қазақстанда алиментті төлеп беретін қор құрылмақ, деп хабарлайды Neonomad.kz Әділет министріне сілтеме жасап.
Әділет министрі Марат Бекетаевтың сөзінше, ұсынылып отырған қор алимент төлей алмай жүргендер үшін құрылмақ. Қордан қарызға ақша алып, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға болады. Бірақ кейін қарызды қайтару керек.
«Бұл қор шетел тәжірибесі негізінде құрылады. Мәселен, Финляндияда арнайы қор алимент төлейтін азаматтарға көмектеседі. Олардың ақшасы болмай қалғанда, я болмаса жұмыссыз отырғанда, қордан ақша алып, алимент төлей алады. Кейін жағдайы түзелгенде алған ақшасын қайтарады. Қордың ақшасы тек алимент төлеуге беріледі. Басқа мақсатқа алуға болмайды», – деді Бекетаев журналистерге берген сұқбатында.
Қорды құрмас бұрын ең алдымен барлық мәселелерді зерттеп, алаяқтыққа жол бермеу үшін дайын болу керек, дейді министр.
«Бүгінде біз мәжіліс депутаттарымен бірге сот орындаушылары туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсындық. Соның аясында алдымен пилоттық жоба іске асырылады. Парламентте бұл мәселе әлі де талқыланады. Дегенмен, үш-бес жылда біз осы қорды құруымыз қажет. Меніңше, қорды жеке сот орындаушыларының палатасы жанынан ашқан дұрыс. Ал қаражат ең алдымен сот орындаушыларынан түсетін болады деп ойлаймын», – деп атап өтті Бекетаев.