Байланыстан жаппай ажырады. Елімізде түннен бері мыңдаған адамның телефон байланысы үзіліп, оператордың кеңсесіне қалың нөпір халық жиналды. Адамның көптігінен бе әлде басқа да себебі болды ма, байланыс операторының нөмірлерді тіркеу жүйесі де істемей қалды. Ал мамандар мұндай әбігердің бірнеше себебін айтып отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Әдетте мұнша адам нөпірі қаладағы байланыс орталығынан байқалмайтын. Барлығында бір жағдай – телефон байланысы үзілген. Мектептегі баласымен, балабақшадағы немересімен хабарласа алмаған ата-ана, ата-әжелер сабылып осында жүр.
Қарапайым тіршілікті қойып, интернетпен бизнес жасап отырған көп адам күнделікті табысынан қағылды. Тұтынушылармен байланыса алмай жұмысы тұралаған.
«Мысалы, мен интернет арқылы клиенттермен сөйлесем, басқа мемлекет басқалармен скайппен жұмыс істеймін. Бүгін менде бейнеқоңырау болуы керек еді. Жоқ нөмір емес, телефон тіркеу керек деген келіп тұр. Ал жіберсем, тіркелмей жатыр», – деді Нұржан Елментаев.
Қарапайым тіршілікті қойып, интернетпен бизнес жасап отырған көп адам күнделікті табысынан қағылды. Тұтынушылармен байланыса алмай жұмысы тұралаған. Сондай жағдай еліміздің бірнеше қаласында байқалды. Қарағандыдағы байланыс операторынан бұрын күзет қызметі қатты жұмыс істейді екен. Байланыспен басы қатып жүргендерді түсірейін деп келген камераны ішке кіргізбеді. Ал байланысты қалыпқа келтіру үшін небәрі ЖСН нөмірді смс хабарламамен жіберу керек. Бірақ онысы жұмыс істемей, жұрт тағы әбіргерге түсті.
Оператор өкілдерінің айтуынша, былтырдан бері бүкіл абоненттер нөмірін пайдаланатын телефонымен қоса тіркеу керектігі туралы әлденеше рет ескертілген. Сөйтіп оның бәрі базаға енгізілген. Ал бүгін сол база іске қосылып, тізімге кірмей қалғандары, яғни тіркелмегендері түгел ажыратылған. Алайда тіркеу жүйесінің жұмыс істемей тұрғанынан хабарсыз сияқты.
«Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын ақпарат. Бәрі ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Мәселе басқада болуы мүмкін. Абоненттердің өздері берген мәліметі біздегі мәліметпен сәйкеспей жатады», – деді Kcell PR менеджері Олжас Бибанов.