Қызылорда облысында 240 келі қауіпті уран концентратын сатпақ болған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттік Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
23 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері төрт адамнан тұратын қылмыстық топты қолға түсірді.
Ұсталғандар 240 келі уран концентратын сату үстінде құрықталды. Оларға Қылмыстық Кодекстің 283 бабының 2 бөлігі бойынша «радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу» күдік келтірілді.
Ядролық физика институты мамандарының қорытындысы бойынша алынған уран концентраты қауіпті радиоактивті зат болып табылады. Көрсетілген заттың сәулелену деңгейі рұқсат етілген көрсеткіштен бірнеше есе артық және қоршаған орта мен халық денсаулығына қатерлі қауіп төндіреді (радиологиялық және токсикологиялық зардаптар), делінген ақпаратта.
Тергеу мәліметтері бойынша радиоактивті зат қылмыстық топ өкілдерімен ванадий кен орнын игеретін кәсіпорыннан ұрланған.
Басқа ақпарат сотқа дейінгі тергеу мүддесінде жария етілмейді.
