Атырауда түрмеде үйлену тойы өтті. Жазасын өтеп жатқан қалындық, бостандықтағы сөз байласқан жігітіне тұрмысқа шықты. Қос ғашықтың тойына түзету мекемесіндегі қызметкерлер ғана куәгер болды. Алайда бостандықта ата-ана, бауырлары қолдау білдірген, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Темір тордың ар жағындағы тойға біздің түсіру тобымыз да қатысып қайтты. Моншақтармен көмкерілген ақ көйлек, әдемі фата, сәнді шаш үлгісі. Қалыңдық та, күйеу жігіт те сәнденіп алған. Азаматтық хал актілерін тіркеу маманы неке куәлігін табыстап, жас жұбайлар неке сақинасымен алмасты. Темір тордың ар жағында демесең, барлығы әдеттегідей.
«Мен ешқашан түзету мекемесінде тұрмысқа шығамын деп ойлаған жоқпын. Соған қарамастан бақыттымын. Оны сүйемін және болашағымыз жарқын болады деп ойлаймын», – деді жазасын өтеуші Татьяна Киселева.
Күйеужігіт те бұрын шалыс басып, жазасын өтеп шыққан. Ол сүйгеніне жақын болуы үшін Ақтөбеден Атырауға қоныс аударып, осында жұмысқа орналасқан. Кездесуге келіп жүріп, нақты шешімді биыл көктемде ғана қабылдапты. Жастардың жоспарына ата-аналары қарсы болмаған.
«Анам қазір Санк-Петербургте, ағам да сонда. Олар біледі. Уайымдап жүр. Қуанып жатыр. Біз Татьянамен бір ауданда, бір көшеде тұрдық. Мен көшенің басында, ол аяғында тұрды. Ортақ таныстар, достар болғандықтан кездесіп қалып жүрдік. Бірақ басында бір-бірімізге назар да аудармаппыз. Кейін жүрегіміз бірге соқты. Татьянаны үнемі ойлап, уайымдаймын», – деді Атырау қаласының тұрғыны Вадим Кужбаев.
Татьяна әйелдер коллониясының тігін цехында жұмыс істейді. Тігіншілікті түрмеде үйреніпті. Оның үстіндегі көз тартар қалыңдық көйлегі, тіпті фатасы, қолғабы мен гүлі де өзімен бірге жазасын өтеп жатқан тағдырластарының еңбегі. Екі күннің ішінде тігіп берді деді. Болашағына сенімді жас-жұбайлар Татьяна бостандыққа шыққанда дүркіретіп той жасаймыз,- дейді.