Атырауда ер адамға 13 жастағы қызын зорлады деген айып тағылды. Бұл оның туған емес, өгей қызы, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Facebook желісінде «НемолчиKZ» парақшасы кезекті жаға ұстатарлық оқиғаны бөлісті: Мектеп оқушысының ағасы педофилия үшін айыпталған. Алайда алқабилер оны кінәсіз деп тапқан.
«Дәл қазір 13 жасар қыз өгей ағасының бостандықта жүргенінен қорқады. Айтуынша, ол күнде анасы мен өзіне қоқаң-лоқы көрсетіп дыбыстық хабарламалар жібереді. Көп жылға созылған зорлық-зомбылық салдарынан психикасына зақым келген. Салған суреттерінен психикасының қаншалықты қатты құртылғанын байқауға болады. Осы орайда психолог мамандар оның маманмен жұмыс істеу керегін айтып дабыл қағуда», — деп жазды қоғамдық қор мүшелері.
Қызына алаңдаған анасы дәл қазір жұмыс істей алмай жүр. Қоғам белсенділері Атырау облысы полиция бөлімінің басшысы Қамзе Үмбетқалиевтен қыздың өгей әкесін қамауға алуды өтінді.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Кәмелетке толмаған адамға жасалған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» 121-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Істі жан-жақты, толық және объективті тергеу үшін бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша заңды іс жүргізу шешімі шығарылады. Қылмыстық істі тергеудің барысы департамент басшылығының жеке бақылауында», — делінген полиция хабарламасында.