Атырау облысында полицей адамды қағып өлтіріп, кейін оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі ATPress.kz басылымына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 13 қазан таңғы сағат 5 кезінде Исатай ауданы Зинеден ауылында болған. Аудандық полиция бөлімінің қызметкері жұмысынан тыс уақытта Audi А6 маркалы көлігімен келе жатып, адамды қаққан. Мұнан кейін жол апаты орын алған жерден ізін суытыпты.
Апат салдарынан зардап шеккен 25 жастағы жігіт сол жерде көз жұмған.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің «Жол ережесін бұзып, салдары адам өліміне алып келуі» және «Жол-көлік оқиғасы орнын тастап кету» баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды», – дейді полициядағылар.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшысына қатысты бұлтартпау шарасын қабылдау мәселесі шешіліп жатыр.