Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі атаулы әлеуметтіа көмекті алаяқтық жолмен алғандарды сотқа беруі мүмкін, деп хабарлайды Neonomad.kz Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратынша, бірінші сәуірден бастап осы көмекті алғысы келген 1118 отбасының өтініші мақұлданбаған.
«Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде, отбасының тұрмыстық жағдайы тексеріледі. Әкімдік аппараты жанындағы учаскелік комиссиялар әрбір үйге барып, барлығын тексеріп шықты. Нәтижесінде 1118 отбасының өтініші мақұлданбады. Бірақ, коттедж, зәулім сарайларда тұрып, әлеуметтік көмек алғандар жоқ», – дейді басқарма басшысы қалалық мәслихаттың отырысында.
Өкінішке орай, табысын жасырып, мемлекеттен көмек алған отбасылар бар екен. Олардың арасында жеке кәсіпкерлер, әскерилер де бар.
«Біз инвентаризация жүргіздік. Әлеуметтік көмек алуға өтініш берген кезде, табысын жасырған отбасыларды анықтадық. Яғни, жұмыс беруші табысты дұрыс көрсетпеген. Төлемді келесі тоқсанда жасаған. Қазір олардың тізімі жасалды. Еңбек инспекциясымен бірлесіп, әрбір отбасымен жеке-жеке жұмыс істейміз», – дейді ол.
Әлеуметтік көмекті заңсыз алғандардың біразы ақшаны өз еркімен қайтарған. Алайда қайтармаған отбасыларыда бар, соларды әкімдік сотқа беруі мүмкін.
«Бірінші, отбасыға ақшаны өз еркімен бюджетке қайтару туралы хабарлама жібереміз. Егер, олар қайтармаса, материалдарды сот органдарына тапсырамыз», – деді Нұрғожина.
Жалпы, елордада 5 669 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.