Қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов отандық телеарналардан көрсетілетін бағдарламаларды сынады. Айтуынша, олардың дені сапасыз, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Жас Алаш газетіне сілтеме жасап.
Алдымен, режиссер бұл тақырыпты неліктен қозғап отырғанын түсіндірді. Айтуынша, бұған нақты үш себебі бар.
«Бұл тақырыпты неге қозғадым? Сол хабарларды жасап жүргендерге: «Бауырларым, ойындарың осылып барады, ел көріп отыр ғой, қойсаңдаршы. Ұрласаңдар да ұялмайтындай етіп жасасаңдаршы» деп тіке айтуға болар еді. Бірақ, қажеті қанша? Біріншіден, ешкім сөзіңді елемейді. Екіншіден, олардың еш кінәсі жоқ. Еттері өліп кеткендіктен тірліктерінің күлкілі екенін ұға қоймайды. Тіпті, түкке болмайтынды сөз етіп қайтесің деп өзімді келемеждеулері мүмкін. Үшіншіден, шығармашылық топқа « идеяны» кәсіби мамандар шайнап беріп отыр. Өз деңгейлеріне сенімді болғандықтан олар жұмыстарының тым сапасыз екеніне ешқашан сенбейді. «Тобыр не берсең де жей береді» деген ұстанымнан адасқан емес», – дейді ол.
Сынап айтқанымен, рейтинг үшін барын салып жүргендермен сөз таластырғысы келмейтінін жасырмады. Ал өзінің теледидар арқылы өмір желісін айқындап отырғанын айтып ақталды. Отандық бағдарламаларды сынап отырып, бүгінде көптеген адамның ең бірінші мақсаты – көгілдір экранда танымал тұлға болу екенін жасырмады.
«Мұндай мақсат қуған адамдар күй буған саңырауқұр сынды ештеңені естімейді. Олар «N-нің» бәленшебайыншы көшірмесі екендерін қаперге алмайды, қысылмайды. Біреулердің жалған жетістігінің сүрлеуіне түсіп кеткендерін де түсінгілері келмейді. Шынайы дүниенің шарасыз көшірмелері. Фанера, дыбыс жаңғыртатын жасанды ағаш. Қасіреттісі – экрандағы тонналаған түкке тұрмайтын дүниелерді халықтың жиренбей қабылдай бастауы. Ендігі жерде оны жеңуіміз мүмкін емес шығар. Бұзылған астан көк дәмін кетіре алмайсың», – дейді ол.