Жергілікті билік Арыс қаласын қайта қалыпқа келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты брифинг өткізді. Онда қала әкімі құрылыс жұмыстарының талапқа сай екенін айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең басты мәселе – ол қираған қаланы қайта қалыпқа келтіру. Әкімнің сөзінше, бүгіндері үш мыңнан астам құрылысшы жұмылдырылған.
«Олардың арасында жергілікті тұрғындар тартылған. Қазіргі таңда 340-тай үй жөнделді. Үкімет тарапынан Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңге беру жөнінде қаулы қабылданған болатын. Қазірдің өзінде арыстықтардың 90 пайыздан астамы осы көмекке құжат тапсырды. Таяуда барлық тұрғынның құжаты жиналады, яғни, бұл жұмыс аяқталуға жақын тұр», – дейді әкім Мұрат Қадырбек.
Сонымен қатар, брифингте қала қауіпсіздігіне қатысты сөз қозғалды. Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді Хусаиновтың сөзінше, қала аумағы мен әскери қоймадан 20 шақырым радиус қашықтықта тексеру, тазалау жұмыстары жүргізілгенін, радиация қаупі жоқ екенін баяндады.
«Сонымен бірге қаладан 60 шақырым қашықтықта оқ-дәрілердің жарылмаған жалғыз бөлшектерін жою бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Сағат таңғы 9 бен 18.00 аралығында жарылыс дыбыстары естілуі мүмкін және ол тұрғындар үшін қауіпсіз екенін жеткізді», – делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ал полиция департаменті болса жалған ақапарат тарату және арандату бойынша 10 адамның тергелгенін жариялады. Сондай-ақ, дәлелсіз дерек тарату қылмыс екенін және мұндай қылмысқа барғандар заң алдында жауап беретінін еске салды.