Арыс қаласының тұрғындары аптаның соңында өз үйлеріне қайта оралады. Бұл туралы Ақжол ауылында өткен баспасөз-конференциясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz.
Оның мәліметінше, қаладағы жағдай бір қалыпты, ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Барлығы бақылауда. Өрт толығымен сөндірілген, арнайы мамандар көшелер мен үйлерді тексеріп шыққан.
«Тұрғындарды Арыс ұаласына аптаның соңында қайта көшіре бастаймыз. Дәл уақытын 28 маусымда айтатын боламыз. Өйткені, халықты қалаға қайта кіргізу үшін біз барлық жерді тағы да тексеріп шығуымыз керек. Тұрғындарды қалаға кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты (1 аудан – 40 адам) азамат бекітілді», – деді Шөкеев мырза.
Арыстықтар үйлеріне оралса да жедел жәрдем, полиция мен төтенше жағдайлар бойынша департаменттың қызметкерлері үнемі қолдау көрсетіп отыратын болады.
«Арыс қаласы толықтай қайта тұрғызылатын болады. Уайымға орын жоқ. Мемлекет тарапынан қажет болған барлық көмек көрсетіледі. Бірге жұмылып, барлық қиындықты жеңеміз», – деді облыс басшысы.
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтің сөзінше, Қазақстанның тоғыз ауданынан әлеуметтік көмек келген.
Әкімнің айтуынша, тұрғындар үйіне оралған соң тұрғын-жайларға келтірілген шығындарды есептеу үшін фото-видеофиксация жасалады