Алматылық көпбалалы ана Әлиман Оразымбетованың коммуналдық қызметтер бойынша қарызы өтелді, деп хабарлайды Neonomad.kz.
Ардагер ананың айтуынша, оның қарызын бейтаныс ер азамат өтеп берген. Бірақ аты-жөнін айтудан бас тартыпты. Қарыздың жалпы сомасы 125 мың теңге. Пеня, айыппұл және суды қосып бергені үшін монополист 82 000 теңге алған, ал газ үшін 42 800 теңге қарыз төленген.
«Таңғылық «Алматы су» компаниясынан адамдар келіп, үн-түнсіз суды қосып кетті. Ал түстен соң газ қызметінен келіп, оны қосты. Кейін телефоныма жас жігіт хабарласып, өзін Эрик деп таныстырды. Коммуналдық қыметтер бойынша барлық қарызымды төлегенін айтты. Мен оның кім екенін, қайдан хабарласып тұрғанын сұрағам, бірақ айтпады. Бірнеше жігіт болып ақша жинап, менің отбасыма көмек беруді ұйғарыпты. Алғашында мен сенбедім, сосын жылап жібердім», – дейді Әлиман Оразымбетова.
Ардагер ана бұған дейін аштық жариялаған болатын. Ереуілін тоқтатқанымен, өзінің проблемасын басқа жолмен шешуді жоспарлап отыр.
«Журналистерге, әкімдіктің шенеуніктеріне, кешелі бері келіп жүрген дәрігерлерге, менің қарызымды төлеп берген жігіттерге алғысым мол. Зейнетақыма үйімді өзім жөндеп аламын», – дейді ардагер ана.