Қазақстандық әнші Ксения Ашиғалиеваны ұрып-соғу ісінде жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әйелім өзін өзі жарақаттады деп ақталған ер адам қамауға алынды. Десе де қоғам белсенділері ол жазадан сытылып кетуі мүмкін деп алаңдап отыр.
«Олар мені тіземнен ұра бастады. Міне, аяғымды қараңыздар», – дейді Ашиғалиева.
Барлығы Алматының көпқабатты үйлерінің бірінде болған. Ксенияның айтуынша, өзін Бауыржан Ашиғалиев пен оның досы Қайсар Иманқұлов ұрып-соққан. Ал оларға өзін Катя деп таныстырған қыз көмектескен. Қатты соққыға шыдай алмаған Ксения ақырында амалсыз қарсыласудан қалған. Қараңғы жертөледен жүгіріп шығып, полициядан көмек сұрайды.
«Оны жертөледен шығарған соң, үсті-басы көк ала қойдай болып тұрды. Мен екеуі де ішіп алған ба деп ойладым. Кейін ол «Көмектесіңіздер, мені ұрып жатыр» деп айқайлады. Тағы бір ер адам шығып, қақпаға қарай жүріп келді. Ол «Араласпаңыздар, бұл оның әйелі» деп айтып тұрды», – дейді куәгер.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін әншінің күйеуі өзіне жала жабылғанын айтқанын хабарлаған едік.