Қарағандыдағы перинаталдық орталық басшылығы еденде босанып қалған әйелден кешірім сұрады. Сондай-ақ, перзентхана директоры кінәлілердің әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылғанын айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Мақпал Оразова есімді келіншек өзінің перзентхана еденінде босанғанын айтқаннан кейін аталған мекемеде қызметтік тергеу жүргізілген. Мұнымен қатар, қызметкерлердің келіншектің бұған дейін де жылдам босанғаны туралы ескертуі мен шағымдарын елемей, оны палатаға жатқызып, бақылаудың орнына, дәлізде жүруіне мүмкіндік бергені анықталды.
«Мұндай жағдайдың болғаны рас. Ол кісі мен туыстарының алдында кешірім сұраймыз. Осылай болғанына өкінеміз», – деді «Өңірлік акушерлік-гинекологиялық орталықтың» директоры Татьяна Юзик.
Бұдан өзге перзентхана директоры кінәлілердің әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылатынын айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Қарағандыда жүкті әйелдің еденде босануға мәжбүр болғаны туралы хабарлаған едік.