Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, Қарағанды облысы тұрғындарына онлайн режимде 1,7 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 800 мыңға жуығы «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселеріндегі өзiне-өзi қызмет көрсету секторында іске асқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға ұлғайған.
«Азаматтарға ыңғайлы жағдай туғызып, уақытын үнемдеу үшін біз әлеуметтік желілерде және «Telegram» мессенджерінде мемлекеттік қызметтерді алуға көмектесетін боттарды іске қостық. Сонымен қоса «Telegram» арқылы ақпараттар мен құжаттардың 20 түрін, «Facebook» бойынша 15, «ВКонтакте» бойынша 19 түрін алуға болады. Айта кетерлігі, ең танымал қызметтердің қатарында мекенжай туралы анықтама мен сотталғандығы не сотталмағандығы туралы анықтама жиі кездеседі», – дейді Павел Ортнер.
Осы уақыт ішінде ХҚКО қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, 1248 рет арнайы қызмет көрсеткен. Оларға үй жағдайында 1463 қоғамдық қызмет ұсынылған. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» ұйымының өкілдері 520 рет шалғайда орналасқан ауылдық аймақтарға барып, 12 455 қызмет түрін көрсеткен.
Сондай-ақ Электронды үкімет порталы мен әлеуметтік желілерде қажетті қызметті қалай алуға болатындығы туралы ақпараттар тегін үйретіледі. ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағындағы электронды жүйемен жұмыс жасауда айтарлықтай маңызға ие. Оған қоса «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы фронд-кеңселерінде жоғары сынып оқушылары үшін арнайы мастер-кластар ұйымдастырады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Электронды үкiмет жүйесі арқылы электронды цифрлық қолтаңбаның көмегінсіз мемлекеттік қызметтердің 50 түрін алуға болады.