«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында баланың зорлануына қатысты жазбасын бөлісті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, «8 жасар баланы төртінші сынып оқушылары зорлап, мұны қалай жасағандарын камераға түсірген».
«Бүгін Қарағанды облысындағы ата-анадан кезекті шағым келіп түсті. 8 жасар оқушыны 4-сынып оқушылары зорлаған! Басқа оқушылардың көзінше сексуалдық қарым-қатынасқа түсуге, порно көруге мәжбүрлеп, мұны камераға түсірген. Мұны қыздар да көрген! Бұлсоңғы 10 күн ішіндегі осы сипаттағы үшінші шағым!» — деп жазды Дина Таңсәрі.
Департамент өкілі Бақытжан Құдияров аталған жазбаға қатысты түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желіде және ақпарат агенттіктерінде «4-сынып оқушыларының 8 жасар баланы зорлағаны, камераға түсіріп алғаны» туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат полицияда тіркелді. Заңды өкілдерімен бірге тиісті адамдардан жауап алынды. Жәбірленуші тарап дене жарақатын алғанын және зорланғаны туралы фактіні жоққа шығарып отыр. Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты соттық-медициналық сараптама тағайындалды. Тиісті сараптамалар жүргізілген соң, нақты процестік шешім қабылданады», — деді Қарағанды облысы полиция департаментіндегілер.