АҚШ билігі Қытай коронавирустың таралу масштабын және оның қаншалықты деңгейде қауіпті екенін жасырып, қорғаныс құралдары мен медициналық дәрі-дәрмек қорын жинап алған деген күдік келтіріп отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Associated Press агенттігі АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігінің ішкі баяндамасына сүйеніп хабарлады.
Құжат 1 мамырда әзірленген. Онда Қытай вирустың қаншалықты деңгейде қауіп туғызатынын жасырып, медициналық тауарлардың импортын көбейтіп, экспортын қысқартқаны айтылған.
3 мамырда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео коронавирустың жаңа түрі Қытайдағы зертханадан шыққанын дәлелдеген «фактілер өте көп» екенін мәлімдеді. Ол жексенбіде «ABC News» телеканалына сұқбат беріп, Бейжің COVID-19 қауіпі туралы уақытында айтпай, жасырды деп сынап, «Қытай Компартиясы жалған сөзі үшін жауап береді» деді.
Оның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп бұл вирустың Ухандағы зертханадан тарағанын айтып, Қытай билігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын айыптаған.
Қытайдың ағылшын тілінде жарық көрген «Global Times» басылымы дүйсенбі күні Помпеоның сөздеріне пікір білдірген. Онда мемлекеттік хатшының қолында вирустың Уханның зертханасынан шыққаны жөнінде ешқандай дәлелдері жоқ екені айтылған.
«Трамптың әкімшілігі науқандық іспен айналысып, пандемияға қарсы әрекеттерге тосқауыл болып жатыр» деп жазады газет.
Соңғы мәлімет бойынша, әлемде үш жарым миллионнан астам адам вирус жұқтырған. 248 мың адам көз жұмды. Оның ішінде АҚШ-та 68 мың науқас қайтыс болды.