Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Қарағанды облысындағы ауылдардың бірінде өткен ҰБТ кезіндегі бай-бағландардың балаларының қулығын әшкереледі. Сондай-ақ, ол кезекші мұғалімнің бірнеше балаға көмектескенін анықтағанын айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Дидар Смағұлов өзіне бір әйелдің келіп ҰБТ кезінде ереже бұзылғанын жеткізгенін айтты. Аудиторияда отырған жергілікті кәсіпкерлер мен шенеуніктердің балалары смартфонды ашық түрде қолданған.
«Видеожазбаны тексеріп, кезекшінің ашық түрде смартфонды пайдаланып отырған 5 адамды байқамауға тырысқанына, оларға көз салмағынына көз жеткіздім», – деп жазды орталық басшысы.
Смағұлов тестілеу ережелеріне сәйкес, ҰБТ тапсыру кезінде смартфон қолданған талапкерлер бірден аудиториядан шығарылып, олардың тестілеу нәтижесі жоққа шығарылады. Алайда видеоға түсіп қалған балалардың кейбірі тестілеуден сәтті өткен.
«Олардың екеуі, тіпті, шектік көрсеткішті жинай алмаған (49 және 22 ұпай). Алайда екеуі грант иеленген. Олар тестіні өз ақылымен тапсырған адал балалардың тегін білім алу құқығын иемденіп алды», – дейді ол.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта аталған жағдайға қатысты қандай да бір шара қолдану мүмкін емес.
«Иә, біз мұндай «кезекшіні» тізімнен алып тастадық. Өкінішке орай, біздің мүмкіндіктеріміз осымен бітеді», – дейді Смағұлов.
Дидар Смағұловтың сөзінше, өзі бұл жағдайды байқамай қалуы да мүмкін еді. Алайда смартфон пайдаланған екі талапкер тестілеу кезінде қатарластарының алдында байланысы бар екенін көрсетіп мақтанған.
«Олар ауылдағы мектебінің барлық түлегінің алдында байланысы бар екенімен мақтанды. Мұндай жағдайда қаншама ақылды жастар мемлекеттің әділдігіне деген сенімін жоғалтады?! Залалын есептеу мүмкін емес», – дейді орталық басшысы.
Смағұлов ҰБТ электронды түрге өзгертілгеннен кейін мұндай алаяқтық деректері болмайды деп сендірді. Алайда мұндай өзгеріс енгенше әлі бірнеше жыл бар. Осыған байланысты ҰБТ өткізу ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бастама көтердік, дейді ол.
Сондай-ақ, ол қазақстандық ІТ-компания видеосараптама жүйесін әзірлеуді ұсынғанын айтты. Мұндай жүйеде жасанды интеллект 1 000 видеодан бұзушылық жасағандарды өзі табатын болады.