Бір жарым жыл бұрын Қанат аяғын жарақаттап алған болатын. Одан кейін емнің дұрыс болмауына байланысты жарыстарға қатыспауға тура келген. Бүгінде ол алған жарақатынан толықтай айығып, белсенді жаттығуға кірісті, Neonomad.kz хабарлайды.
Жоспарға сәйкес, 5 шілде күні Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында бокс кеші өтеді. Онда бірінші орта салмақта Қанат Ислам (25-0, 20 КО) доминикандық Жулио Де Жесуспен (27-1-24 КО) жұдырықтасады. Жулио әлемдік рейтингте үздік 20 боксшының қатарына енеді. Қос боксшы WBO Inter-Continental белбеуін сарапқа салады.
«Басты мақсатым – WBO белбеуін жеңіп алу. Үлкен жекпе-жектерге дайынмын және осы бағыттағы бірінші қадам – Алматыдағы жекпе-жек. Өзімді жақсы сезінемін және әлі талай жұдырықтасамын», – дейді Қанат Ислам.
Еске салайық, боксшы соңғы рет 2017 жылдың 9 қыркүйегінде шаршы алаңға көтерілген болатын. Ол кездесуде алғашқы орта салмақта WBO NABO және WBA-NABA белбеулері үшін канадалық Брэндон Кукты (20-2, 13 КО) нокаутпен жеңген еді.