Алматы қаласында қоғамдық көліктің бірінде жолаушы автобус жүргізушісімен ерегесіп қалып, оған пышақ сұғып алды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 29 қыркүйек күні сағат 22:00 шамасында Жандосов көшесімен жүріп келе жатқан №126 бағыттағы автобуста болды.
«Қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушымен ерегісіп қалған. Салдарынан 28 жастағы автобус жүргізушісі пышақ жарақатын алды. Ол медициналық мекемеге жеткізілді. Тексерістен кейін үйіне жіберілді. Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігіне сәйкес тіркелді. Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментіндегілер.
Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және оны ұстау бойынша жедел және арнайы шаралар кешені жүргізілуде. Өз кезегінде, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жүргізуші амбулаторлық ем қабылдап жатқанын айтты.