Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, Алматы облысында Қытай мен қазақ жұмсшыларының арасында болған төбелесте бес адам ұсталды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
«Жергілікті тұрғындарға қате ақпарат жеткізіліп, ол бұзақылық әрекеттерге себеп болған. Бес адам ұсталды. Іс тергеліп жатыр», – деді сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары.
Аталған факті «Бұзақылық» бабы бойынша тергеліп жатқанын түсіндірді.
Белгілі болғандай, Талдықорған – Өскемен тас жолын салып жатқан Citic Construction атты Қытай компаниясында жергілікті жұмысшылар мен шетелдік азаматтар арасында қақтығыс болды. Нақтырақ айтқанда, Қытайдың үш азаматы этникалық қазақты соққыға жыққаны айтылған.
«Бас инженер тракторды қаға берген соң, трактордан түстім. «Жай істе. Істей алмасаң, кет», – деді. Жөн сұрадым. Сол кезде күрекпен аяғымнан ұрып жіберді. Артынша одан неге бұлай жасағанын сұрап, жағасынан алдым. Сол кезде үш қытайлық азамат келіп, ұра жөнелді. Мен жерге құлағаннан кейін тепкілей бастады. Содан кейін орнымнан тұрдым. Директор келіп ажыратып алды», – дейді Жамбыл Қанат.
Полицияның мәліметінше, жанжал жұмысқа байланысты болған.
Кінәлілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабы («денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Ал жергілікті тұрғындар болса істің мән-жайын анықтап алмастан, оқиғадан соң келесі күні өндіріс нысанындағы шетелдіктерді соққыға жыққанын айтты. Қытайдың төрт азаматы ауруханаға жеткізілді.