Канада премьер-министрі Джастин Трюдо 18 жыл бұрынғы түсірілген суреті үшін сынға қалды. Онда оның беті қоңыр маймен боялған. Бұл brownface тәжірибесі нәсілшілдік деп есептеледі, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
2001 жылы түсірілген сурет америкалық Time журналында жарық көрді. Онда Трюдо өзі жұмыс істеген жекеменшік мектепте «Араб түні» кешіне қатысқан. Ол жүзін тұтастай қоңырға бояп, басына тюрбан киген. Трюдоның сөзінше, ол кеште Аладдин кейпінде болған. Кейін оның басқа да суреті пайда болды.
Трюдо өзінің бұл әрекеті үшін өкінетінін жеткізді.
«Мен олай істемеуім керек еді. Мен ол кезде мұндай әрекеттің нәсілшілдік белгісі екенін білмедім», – деп мәлімдеді премьер-министр.
Канадалық және шетелдік басылымдар бұл оқиға 21 қарашада Канадада өтетін парламент сайлауы алдында Трюдо үшін қиындық туғызуы мүмкін деп есептейді.
«Қара жүз» (blackface) немесе «қоңыр жүз» (brownface) – ақ нәсілді адамдардың қараторы адамдарды бейнелеу тәжірибесі болды. Бұл тәжірибені XIX–XX ғасырларда театрларда көңіл көтеру мақсатында пайдаланған.
47 жастағы Джастин Трюдо – Канадада 1968-1984 жылдары премьер-министр болған Пьер Трюдоның ұлы. 2013 жылдан бері кіші Трюдо Либералдар партиясының лидері. 2015 жылдан бері ел үкіметін басқарады. Ол әйелдер құқығын, жыныстық азшылық өкілдерінің құқықтарын қорғауымен танымал. Ол басқарған алғашқы жылдары Джастин Трюдоның беделі өте жоғары болатын, бірақ соңғы уақытта оның рейтінгі 39 процентке түсіп кетті. Бірақ соған қарамастан ол – Канададағы ең танымал саясаткер.