Алматы қаласында екі бірдей көпбалалы отбасы төрт бөлмелі пәтерге ие болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агентігі Informburo бағдарламасына сілтеме жасап.
Халық банкі Халық қайырымдылық қорының арқасында оңтүстік астанада «Қазақстан балалар қалашығының» екі отбасысы көлемі 130 шаршы метрден асатын баспанаға ие болды. Толықтай жөндеуден өтіп, жиһаз, техникамен жабдықталған дайын пәтер балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлығына алып отырған мейірімді әулеттерге берілген.
Осындай сыйлыққа ие болған Жанаргүл өзінің жалғыз ұлымен бірге 6 баланы қамқорлығына алып, мейірімге бөлеп отыр. Ол бұл қордың үлкен мүмкіндік екенін айтады.
«Құрылыс жұмыстары басталған кезде Халық банкінен хабарласып, бізді шақырды. Мен өзім келіп, балалармен бірге таңдап, түсқағаздарды, жиһаздарды көрдік», – дейді көпбалалы ана Жанаргүл Бектұрова.
Өзгенің баласын бауырына басып, туғанындай көретін ата-аналар өте көп. Халық қайырымдылық қоры Жанаргүл секілді тағы бір отбасыны қуанышқа бөлеп, дәл осындай пәтерді сыйға тартқан.
«Бұл үйлерді табу оңай болған жоқ. Өйткені, әр үйдің көлемі 130 шаршы метрден асып отыр. Балалар аз емес», – дейді Сағынбек Шункеев.
Жоба Алматы әкімдігінің қолдауымен Халық қайырымдылық қоры, және бірінші балалар үйі, Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры мен Қазақстан балалар қалашығының арасында жасалған мемарандум негізінде жүзеге асқан.