Алматыда сатушысы жоқ дүкен ашылды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агентігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұл екінші дүкен. «Алматы – адалдық алаңы» жобасы аясында ашылып отыр. Сатушысы жоқ дүкеннің жұмысын шенеуніктер байқап көрді. Қазірдің өзінде сатып алушылардың 22 пайызы өзіне өзі қызмет етеді. Айта кетейік, сауда қолма-қол төлемсіз, тек картамен жүреді.
«Негізі кассаны қолдану түк те қиын емес. Түсінікті болу үшін арнайы тақтайша іліп қойдық. Бізде жаңа жүйенің жанында әрдайым кеңесшілер жүреді. Олар қалай қолдану керектігін үйретеді және жас ерекшеліктеріне байланысты сатылатын тауарларды қадағалайды. Мәселен, ішімдік, шылым секілді. Касса Америкада жасалған. Бағдарламаны қондырып, тексерістен өткіздік. Қазірдің өзінде, тұтынушылар арасында кең сұранысқа ие», – деді компанияның сату бөлімінің басшысы Николай Храмцов.
Дүкенді мониторингтен өткізген мамандар халықтың адал екендерін айтады.
«Бұл жерде азаматтардың, халықтың санасының баға беруі, өтірік айтпай, затын адал сатып алу негізі мәселе болып табылады. Кейбір ұяты аздау, санасы төменірек алған затын жымқырып, былай алып кететіндер адамдар болуы мүмкін», – деді Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің басқарма басшысы Елнар Игіліков.