Ақтөбеде жалған дипломмен колледжге жұмысқа тұрған мұғалімдер қызметінен қуылды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Қызметінен босатылған мамандар кімнен және қайдан, қашан жалған дипломды сатып алғаны әлі белгісіз.
«Прокуратура 34 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істегенін айтқан соң тексеру басталды. Кез келген білім ұйымының басшысы алдына келген маманды жұмысқа қабылдаған кезде дипломының рас немесе жалған екенін анықтауға міндетті емес, құзырына кірмейді. Олар тек мамандығы бойынша жұмысқа қабылдайды. Қазіргі кезде анықтама жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, тізімде А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің бес оқутышысы бар. Олардың бәрі 30 жылға жуық уақыт сол мекемеде еңбек еткен, үшеуі – колледж түлегі, екеуі Шымкентте оқу бітірген. Олардың арнайы базалық білімі бар. Ал екінші дипломы бойынша тексеру басталды», – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.
Сайттың ақпаратынша, жалған дипломмен жұмыс істеген мектеп мұғалімдерінің де арнайы педагогикалық мамандығы бар. Тек екінші дипломы күдікке іліккен. Олар химия, биология, психология пәндерінен сабақ берген.
Ақтөбе қаласы Алматы аудандық прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, мұғалімдердің кінәсі дәлелденсе Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бабы бойынша іс қозғалып, жауапкершілікке тартылатынын хабарлады. Сонымен қатар, диплом жасап бергендер де анықталады.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде 34 мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп жүргені туралы жазған болатынбыз.