Ақтөбеде 9 жастағы қызды өз үйінде зорланды. Әзірге күдікке 35-40 жастағы адам ілігіп отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік оқиға вокзал маңындағы үйде болған. Көршілерінің сөзінше, педофил сабақтан шыққан төртінші сынып оқушысын пәтеріне дейін аңдып барған. Алғашқыда есік қағып, телефонын қуаттап алуға ішке кіргізуін сұрапты. Ашпаған соң, екінші қайтара келіп, дәретханаға жіберуін өтінген көрінеді. Сөйтіп бүлдіршінді буындырып, ойына келгенін істепті.
Түскі асқа келген әкесі қызды қансырап, есінен танып жатқан күйде тауып алған.
Қазір сол үйдің маңындағы бейнебақылау камераларының бәрі тексерілуде. Қаскөйді анықтау үшін подъезге кіреберіс есіктен бастап, барлық жерден саусақ іздері алыныпты.
«Әкесі келгенде қылмыскерді ұстауға «үлгермей қалдым» дейді. Үйде домофон тұр. Бірақ кім болса сол подъезге кіріпшығып жүреді. Біздің ауданды бақылап жатқан ешкім жоқ. Қылмыстың бәрі осы маңда. Бұл сұмдық оқиғадан кейін ғана полицейлер үйді-үйді аралауға шықты. Айдың-күннің аманында өз шаңырағында бала өзін қауіпсіз сезіне алмауы деген масқара ғой», – дейді көршісі Лидия Тажбенова.
Қыз бала білім алып жүрген білім ошағының ұстаздары болса, оның сабақтан соң құрбыларымен кеткенін, және оның жалғыз қайтуына ата-анасы рұқсат бергендігін айтады.
«Ата-ана қолхаты бойынша жақын жердегі оқушылардың үлкен сыныптағы ағалары алып кетеді. «Жібере аламыз» деген ата-аналардың қолхаты болса, жіберуге рұқсат беріледі», – дейді Гүлшарат Қауысова, мектеп директорының орынбасары.
Жәбір көрген оқушы қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде 9 жастағы қыз мектептен үйіне келгенде, ер адам алдап үйге кіріп, оны зорлағаны туралы жаздық.
Кейін белгілі болғандай, педофил қыздың үйіне су сұрап, алдап кіргені белгілі болд. Толығырақ оқыңыз.