Қостанайлық зейнеткерді соққыға жыққан жергілікті кәсіпкер болып шықты. Қымбат көлік мінген ол қарияны «жолды бөгедің» деген желеумен күш көрсетіпті. Жүргізушілердің жанжалы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Қарт жүргізуші мен жас жүргізуші дәл осы бұрышта келіспей қалған. Өйткені тар жолға қос көлік қатар қойылған көрінеді. Жолдың шетімен әрең өткен жас жігіт зейнеткерге жұдырық ала жүгірген. Кооперативтің бейнебақылауы қалталы азаматтың қарияны қалай ұрып-соққаны анық таспаланған. Қарт тұрғын да қалыспай бір рет қарымта соққы жасаған. Алайда 41 жастағы жігітке төтеп беруге шамасы жетпеді.
«Мені боқтап жіберді. Мен де жауап қайырдым. Ол көлігінен атып шығып, ұрып-соға бастады», – дейді жәбірленуші Анатолий Шевцов.
Қатты соққыдан 69 жастағы Анатолий ақсақалдың көзі көгеріп, мұрны сынып, миы шайқалыпты. «Джип» мінген кәсіпкер полицияға арыздансаң көзіңді құртам деп те сес көрсетті деді. Қарт кісіге күш көрсеткен күдікті енді қатаң жазаға тартылу керек, дейді гараж аумағындағы жүргізушілер.
«Бұл не деген бассыздық. Қарт пен жасты салыстыруға болмайды ғой. Зейнеткерді соққыға жыққаны несі?» – деп ашынды Леонид Дегтяров.
Зейнеткер бір апта бұрын полицияға арыз жазған. Ал сақшылар күдіктіні бүгін ғана анықтадық деп отыр.
«Жәбірленуші полицияға жүгінді. Қазіргі таңда «бұзақылық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті азамат ұсталды. Өз кінәсін толықтай мойындады», – деді Қостанай облысы ПД баспасөз қызметінің бас маманы Кенже Қонысбай.
Қарияға қол көтерген жүргізуші жеке кәсіпкер болып шықты. Енді ол шартты түрде жазаға кесілуі мүмкін немесе қомақты айыппұл төлейді.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Lexus жүргізушісі зейнеткерді сабап тастағаны туралы хабарлаған едік.