Шымкентте мектеп оқушысының сөмкесінен травматикалық тапанша табылды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Elitar.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкентте «Жеткіншек» рейдтік іс-шарасы өтті. Рейд кезінде ювенал полицейлері 9-сынып оқушысының сөмкесінен травмат тапаншасын тауып алған.
«25-30 қараша аралығында «Жеткіншек» рейд іс-шарасы өтеді. Бұл шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу. Рейд кезінде 25 қарашада мектеп оқушысының сөмкесінен тапанша табылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады әл-Фараби аудандық ювенал полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Батырхан Әлиев.
Оқиғадан соң оқушы әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ол тапаншаны сыныптасынан алғанын және оны мектепте қайтарып беруге келгенін айтқан.