Қытай шекарасынан Қазақстанға заңсыз өтіп істі болған Сайрагүл Сауытбай Қытай түрмесіндегі сұмдық ахуалды дүйім жұртқа жайып салды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Замана басылымына сілтеме жасап.
Мәжбүрлі түрде қайта тәрбиелеу лагеріне келген оның айтуынша, ол жерде 2500-ге жуық адам болған. Барлығы да – кінәсіз адамдар. Ең кішісі 13 жастағы кішкентай бала болса, үлкені 84 жасқа дейінгі қарттар екен.
“Ерлер, әйелдердің барлығының шашын тақырлап алып тастаған. Қолдарында, аяқтарында кісен. Осыны мектеп деуге бола ма?” – дейді Сайрагүл.
Сондай-ақ, ол лагерьдің өзіндік ережелері барын, оны бұзған адамды ауыр жаза күтіп тұрғанын айтты. Цемент пен бетоннан құйылған еденге жұқа палас төселіп, адамдар соның үстіне ұйықтайды екен.
“Одан соң сол жердің тәртібі бойынша бір адам 1 шаршы метр жерге жату міндеттелген және оң қырымен ғана. Таң атқанша қозғалмау керек. Егер қозғалатын болса, онда ауыр жазаға ұшырайды. Сонда бір кішкене ғана бөлме ішінде 16-17, 20-ға дейін адам жатады қысылып. Тек қана оң жағымен жату міндеттеледі”, – деді ол.
Сонымен қатар, лагерьдің әр камерасына бір шелек қойылып, 20 адам соған дәрет шығаратын көрінеді. Тіпті белгіленген екі минуттан артық отыруға болмайды екен.
“Шелекке бір үйдегі 20 адам үлкен-кіші дәрет жасайды. Барлығын камерамен 24 сағат көріп тұрады, бақылап отырады. Толғаннан кейін қақпағын жауып қоясың. Енді сен туалетке отырамын десең де ешкім рұқсат бермейді. Қыстап кетсе де рұқсат сұрасаң, жазаға тартыласың, сол жерге отыруың керек. Ертесіне таңертең сол туалетті – толған шелекті төгіп тастағаннан кейін барып туалетке отыруға болады.
Туалетке отыру уақыты 2 минуттан асып кетпеуі керек. Міне, осы себептерден үлкен дәреті, кіші дәреті қыстап, денеге тарап кету, дәретке уланып қалу, микроб тарап кету деген аурулар ол жерде жетеді. Геморрой болған, орнынан тұра алмай жатқан, бүйректен суық өтіп, ісініп кеткендер, одан кейін диабеттің 3-ші дәрежесі және миына өспе шығып операция болғандар, түрлі ауру кездеседі ол жерде. Бірақ ауырып жатқан адамдарға өліп қалса да, ешкім қарамайды, ешкім дауаламайды да”, – деді Сайрагүл Сауытбай.