Ұлттық банк коронавирус салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында «7-20-25» және «Баспана-хит» тұрғын үй бағдарламаларына өзгеріс енгізді. Төлемді 90 күнге шегеру мүмкіндігі қарастырылып отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
«Бағдарламада негізгі қарыз төлемдері кейінге шегеріледі және (немесе) сыйақы бойынша 90 күнге дейін өсімпұл салынбайды. Бұл елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұрғындар үшін қарастырылған», – деп жазылған хабарламада.
Банктерге қарыз алушыларға қолдау көрсету шараларын жүзеге асырып, әр жағдайды жеке қарастыру тапсырылды.
«Төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар банкпен бірге төлем жасаудың тиімді механизмін жасайды. Бұл өзгеріс кредит алушы туралы мәліметте көрсетілмейді», – деп жазылған ұлттық банк таратқан ақпаратта.
Тұрғын үй бағдарламалары арқылы қарыз алғандар ай сайынғы төлемдерді 16 наурыздан бастап кейінге шегере алады. Бұл күні елде төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.
Еске сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындардың негізгі қарызы мен сыйақыны төлеуін уақытша тоқтатуды тапсырды.