Павлодар облыстық полиция басқармасының басшысы Амантай Әубәкіров асылып көз жұмған полицейдің ісін ерекше бақылауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап.
Жеке қауіпсіздік басқармасы қайғылы оқиғаға қатысты ішкі қызметтік тексеріс жүргізбек.
«19 қыркүйек күні Павлодардағы Сәтпаев көшесінде гараждан 1984 жылы туған ер адамның мәйіті анықталды. Марқұмның полиция қызметкері екендігі белгілі болды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – деді ДП басшысы Амантай Әубәкіров.
Сондай-ақ, ол тергеуге қатысты басқа ақпараттарды жария ете алмайтынын жеткізді. Алдағы уақытта қосымша ақпарат ұсынуға уәде берді. Қайтыс болған полицейдің ағасы өлер алдында Руслан Оспановтың досына қоңырау шалып, оны осындай қадамға жеткізген адамның есімін атағанын айтты.
34 жастағы майор Руслан Оспанов Павлодар облысы полиция басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Туыстарының айтуынша, ер адамды өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген болуы мүмкін. Соңғы кездері ол Павлодар облысының тергеу басқармасы полиция департаментінің басшылығына шағымданып жүрген.
Жерлеу рәсімі 21 қыркүйекке жоспарланды. Марқұмның артында баласы мен жүкті әйелі қалды. Осы жылдың желтоқсан айында Оспанов 35 жасқа толар еді. Ол полицияда 12 жыл қызмет етті.
Естеріңізге сала кетсек, Павлодар облысында полицейдің асылып өлгені туралы хабарлаған едік.